Чемпиондар лигасы тарихында үздік ойыншы атанған тұңғыш қазақ

Бүгін, 16:30 / Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Алматылық «Қайраттың» грекиялық «Олимпиакосқа» қарсы кездесуі бірнеше күн бұрын өтсе де, әлеуметтік желіде Темірлан Анарбеков туралы жазбалар легі толастар емес. «Астана-Аренада» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясында өткен алтыншы турда алғаш рет команда капитаны міндетін атқарған Анарбеков сегіз қауіпті соққыны қайтарып, футбол жанкүйерлерін таң-тамаша етіп, спорт мамандарының жоғары бағасын алды. Командаластары Грекияның 47 дүркін чемпионы саналатын «Олимпиакостың»  қақпасына саңылау таба алмай, сарсаңға түсіп, бір гол жіберіп алса да, Темірлан UEFA таңдауы бойынша кездесудің үздік ойыншысы деп танылды. Осылайша, ол Чемпиондар лигасы матчында MVP атағын алған алғашқы қазақ футболшысы атанды.

Тамыз айына дейін қосалқы қақпашы болған Анарбековты «Қайрат» жан­күйер­лері мен жастар құрамасының аяқ алы­сын бақылап жүрген мамандар ғана біле­тін. Чемпиондар лигасының плей-офф ке­зеңін­де «Селтикпен» сырт алаңда өткен ойын­да негізгі қақпашы Александр Заруцкий жа­рақат алып, оның орнына Темірлан Анар­бе­ков шығып, есеп тең аяқталған еді. Алма­ты­дағы қарымта ойында Анарбеков бес ға­жайып сейв жасап, пенальти сериясына жал­ғасқан кездесуде «Селтик» ойыншы­ла­ры­ның үш соққысын қайтарып, оларды жарыс жо­лынан ығыстырып жіберді. Осылайша, ол жетпіс жылдық жылнамасы бар алматылық клубтың тарихта алғаш Чемпиондар лига­сы­ның негізгі кезеңіне жолдама алуына септігін ти­гізді. Десе де, футбол десе, ішер асын жерге қоя­тын көпшілік арасында оны «бір ойынның ға­на қақпашысы» дегендер де жоқ емес. Ал спорт мамандары, соның ішінде «Қайрат» футболшылары да журналистерге берген сұхбаттарында Заруцкийге негізгі құрамдағы өз орнын тартып алу оңайға соқпайтынын талай рет айтты. Расында, жарақатынан то­лық айыққан Заруцкий мен нағыз бабында жүр­ген Анарбековтың қайсысынн қай ойын­ға шығаратыны туралы түрлі болжам жасалды. Асу берместей межені бағындырған Анарбеков пен командаластары әлем назарын өзіне қаратқан гранд клубтарға қарсы ойын­да сәттілік тілеп, ақжарма тілекті қарша бо­рат­ты. Өкініштісі сол, жалпы кезеңдегі бета­шар матч қарсаңында ҚПЛ-де «Ақтөбеге» қар­сы ойында жақ сүйегін сындырып алған Анар­беков португалиялық «Спортинг» пен әй­гілі «Реал Мадрид» командаларына қарсы ойын­нан тыс қалды. Ал одан кейінгі кипрлік «Па­фос», италиялық «Интер», даниялық «Ко­пен­гаген» командаларына қарсы ойындарда соққыдан соққы қайтарып, Қазақстан жұрт­­шылығы түгілі, әлем жанкүйер­ле­рін таңдай қақтыртты.
UEFA-ның ресми сайтындағы де­рек­ке сүйенсек, Анарбеков Чем­пион­дар лигасының жалпы ке­зеңінде 26 сейв жасаған. ол бұл көрсеткіш бойынша Никита Хай-кин («Буда-Глимт», 31 сейв) және Жеронимо Ру­льиден («Марсель», 29 сейв) кейінг­і орында тұр. «Олимпиа­кос­пен» өткен ойыннан кейін Темір­лан атағынан ат үркетін «Реал Мад­рид» қақпашысы Тибо Куртуаны (22 сейв) және «Бава-рияның» аңыз қақ­пашысы Мануэль Нойерді (19 сейв) артта қалдырды.
Әлем бойынша футболшылар мен клубтардың көрсеткіштерін нақты де­ректер арқылы бағалайтын әйгілі SofaScore ста­тистикалық порталында Темірлан Анар­бе­ков осы аптада Чемпиондар лигасында үз­дік ойыншылар тізімінде көш бастады. Аты­рау тумасы бұл рейтингте даңқы дү­ние­жүзіне жайылған «Реал» клубының шабуыл­шы­сы Килиан Мбаппені артта қалдырды. Рей­тинг басында тұрған Анарбековтың көр­сет­кіші – 8,90 ұпай. Екінші орында тұрған Ки­лиан Мбаппенікі – 8,34 ұпай. Ал үздік үш­тікті «Галатасарайдың» шабуылшысы Вик­тор Осимхен (8,33) түйіндейді.
Айта кетерлігі, Анарбеков қазан айында бұл беделді Sofascore статистикалық порта­лы­ның ең жоғары бағасы – 10 ұпайды иеленген турнир тарихындағы бар-жоғы үшінші қақпашы атанған-тын. Жарақаты жазылып, кипрлік «Пафосқа» қарсы кездесуде Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде дебют жасаған Анарбеков 5 сейв жасап, «Селтикті» бекерге сүріндірмегенін тағы бір дәлелдеген-тін. Екі күн бұрын Sofascore-дың Instagram-дағы ресми парақшасы ол туралы «Ең үлкен алаңда ойнауға жаралған» (Born for the biggest stage) деген жазба жариялап, ойыншының 7 ойындағы көрсеткішін тізіп шықты.
Ал UEFA мамандары қазақстан­дық қақпашының екі сейвін үздік деп бағалады. Лиганың әлеуметтік желідегі ресми парақшаларына Анарбековтың Астана төрінде соқ­қы қайтарған сәті таспа­лан­ған екі видео жүктелінді. UEFA Анарбековтен өзге бұл тізімге «Спортинг» сапынан Руи Силва, «Славия» қақпашысы Йиндржих Станек, «Марсель» құрамынан Хе­ро­нимо Рульидің сейвтерін енгізді.
Төрт ай бұрын қосалқы құ­рам­да отырған қақпашыдан кәрі құрлықтың басты футбол тур­ни­рін­дегі үздік ойыншыға айналған Темір­лан бір апта бұрын ресми түрде «Қайрат­тың» басты қақпашысы атанды. «Қайрат» фут­бол клубының бас бапкері Рафаэль Ураз­бах­тин «Олимпиакосқа» қарсы матч ал­дын­дағы баспасөз мәслихатында Александр Заруц­кийдің келісімшарты ұзартылмауы се­бе­бінен клубтан ресми түрде кеткенін мәлім­деді. 


Бүгінде тәжірибелі мамандар, соның ішін­де әлемнің әр бұрышынан дарынды ойын­шы­лар­ды іздестіретін скауттар Анарбековтың өне­ріне тәнті болып, таңданысын жасыр­май­ды.
Жас таланттарды назарда ұстайтын Eurohopes Hunter скауты, испандық сарапшы Хосе Ман Твиттер желісінше «Қайрат» қақ­па­шы­сына жеке тоқталып өтті.
«Бұл Темірлан Анарбековке арналған ерек­ше твит. Қазір сирек кездестіретін қақ­пашы: инстинкт пен рефлекске толы бірегей ойын­шы. Оның ұлттық құрама сапында Бельгия командасына қарсы кездесу мен Чемпиондар лигасындағы ойындары керемет деңгейде. Болашақта Қазақстан үшін маңызды тірек», – делінген маманның жазбасында.
Түркиялық скаут-сарапшы Эренджан Кочак та «Олимпиакосқа» қарсы ойын­­­нан кейін 22 жастағы қақпашының жетіс­тігі туралы желіде жазба жариялады.
«Алматылық «Қайраттың» қақпашысы Еуро­па аренасында атой салып жүр! Чем­пион­дар лигасының үш ойынында 25 соқ­қының 20-сын қайтара алды, орташа есеп­пен бір ойында 6,67 сейв жасады. Қазақстан чем­пионатының 10 кездесуінде ол 33 соқ­қы­ның 28-ін қайтарған, бұл дегеніміз бір ойын­да 2,80 сейв жасады деген сөз», – деп жазды ма­ман.
«Олимпиакосқа» қарсы ойында грекия­лық мамандардың өздері де Анарбековтың қабілетіне қайран қалды. Грекиялық клубта қақпашыларды баптайтын жаттықтырушы ойын біткен соң арнайы Анарбековке жақын­дап, қолын алып, жылы лебізін аямай айтқа­нын өз көзімізбен көрдік. Ал грекиялық экс-қақпашы Яннис Афуксенидис оның бойын­дағы ерекшеліктерді тізіп шықты.
«Анарбеков концентрацияны ұстап, қорғанысқа сауатты жетекшілік ететін қақ­па­шы. Оның ойын сайын жетіліп, өз-өзіне де­ген сенімділігі артып, батыл әрекеттерге жиі баратыны анық байқалады. Бұрынғы кәсі­би қақпашы және қазіргі қақпашылар жат­­тықтырушысы ретінде айтарым, Анар­бе­ков­тың әлеуеті жетерлік, көп нәрсеге қабі­лет­ті. Оның бойында жылдам реакция, үй­лес­тіру, аяқпен ойнау, шабуыл кезінде сабырлық сақ­­тау секілді аса қажет қабілеттер бар. Егер ол осы бағытынан таймайтын болса, онда Еу­­ро­па – қол жететін арман», – дейді қақ­пашы.

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ, спорт комментаторы:

Анарбеков тағы бірер жыл «Қайратта» қалғаны жөн

– Темірлан Анарбековке мүмкіндік кеш берілгенін бәріміз мойын­дауымыз керек. Өйткені, «Қайраттың» сапында осыған дейін Анарбековқа мүмкіндік берілетіндей кеңістік болған жоқ. Оған дейін Александр Заруцкий, Стас Покатилов секілді мықты қақпа­шылар болды. Тіпті, бір жыл «Жеңіс» клубына жалға берілді. Ол сон­да жүріп кем дегенде Премьер-Лиганың деңгейіндегі қақпашы еке­нін көрсетті. Сондықтан Анарбеков әбден кеш ашылды. Себебі, ол «Қайрат» сапындағы алғашқы матчын 18 жасында өткізген. Содан бері 4 жыл өз кезегін күтті. Ол секілді аса талантты қақпашы өзін көрсету үшін осындай ұзақ жол жүріп өтті. Мамандар қақпашылардың негізі 30 жастан соң қатты толысатынын жиі айтады. Бірақ Икер Касилияс, Джанлуиджи Буффон секілді ерте жастан танылған қақпашылар жетерлік. Солардың қатарын біздің Темірлан толықтырып жатса, ешқандай артық емес.
Расында, Темірлан өзінің сәтін көп күтті. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» демекші, Анарбеков өзіне берілген мүмкіндікті аса сәтті пайдаланды. Мысалы, осыған дейін «Қайраттың» басты қақпашысы Александр Заруцкий болған кезде Анарбековке анда-санда мүмкіндік берілді. Тіпті, «Жеңіске» қарсы ойында Анарбеков 45-минутта алаңнан қуылды. Ол кезде ол өзіне берілген мүмкіндікті пайдалана алмады. Бұл – Қазақстан чемпионаты алғашқы айналымының орта тұсы, маусым айы болса керек. Ал одан кейін екінші берілген мүмкіндікті Анарбеков жақсы пайдаланды. Шотландияда Заруцкий жарақат алды, ал Анарбеков нөмірі бірінші қақпашыға айналды. Артынша өзі жарақаттанды, Шерхан Қалмұрза күтпеген жерден басты қақпашыға айналып шыға келді. Чемпиондар лигасындағы жалпы кезең оның «Ақтөбеге» қарсы ойындағы жарақатынан соң тез жазылуына себеп болды. Өйткені сол кезде клуб «Спортингтен» 1:4, «Реалдан» 0:5 есебімен жеңілген кезде, Шерхан Қалмұрзаны қанша ардақтасақ та, үлкен деңгейдегі ойында оған өте қиын болатынын бәріміз түсінген едік. Анарбековке орайлы сәт келді. Былай айтқанда, Анарбеков Заруцкийдің «Қайраттан» кетуіне себепші болды десек те болады. Яғни, аз уақыт ішінде ол өзіне берілген мүмкіндікті өте сәтті пайдаланды. Спортта мүмкіндікті сәтті пайдалану күшті рөл ойнайды. Мысалы, «Жеңіске» қарсы ойында алаңнан қуылғаннан кейін Анарбековке ондай мүмкіндік берілмесе, қазір біз Темірланды мүлде танымайтын едік. 
Ол бұрыннан шебер, жүректі ойыншы. Ең маңыздысы, ол – өзін-өзі өсіретін қақпашы. Сондықтан оның қазір бұлай жарқырауы – заңдылық. «Қайрат» негізі Қазақстан чем­пионатында шабуылдаушы ойын үлгісін көрсетеді. Мұндай жағдайда қақпашы ары кетсе ойынға 1-2 рет қана араласады. Яғни, өзіне келген аса қауіпті соққыны 1-2 рет қайтарса жеткілікті. Командаластарының арасында қақпашының деңгейі көріне бермеуі мүмкін. Ал Чемпиондар лигасында «Интер», «Реал» секілді мықты клубтарға қарсы ойындарда қай қақпашы болса да, кем дегенде 7-8 сейв  жасауға тура келеді. Сондықтан Анарбеков осы мүмкіндікті өте сәтті пайдаланды. Және бір ескеретін нәрсе, ол ұлттық құрама сапында 2-ақ ойын өткізді, бірақ нөмірі бірінші қақпашы екеніне ешкім күмән келтірген жоқ. Анарбеков жалпы алғанда 2025 жылды өте сәтті өткізді. Ендігі меже – осы бағытты ұстап тұру, тіпті осы дең­гейден асып түсу. «Олимпиакос» ойыншылары «Анарбеков бізге қарсы өзінің бүкіл ғұмырына татитын ойын өткізді» деп айтып жатыр. Жоқ, оның ғұмырына татитын ойын бұдан да жоғары болуға тиіс. Сондықтан Анарбековтан бұдан да жоғары нәтиже күтемін.
Мүмкіндік туып жатса, топ-клуб шақырып жатса, оған бару керек. Алайда менің ойымша, оны топ-клубтар шақырмайды. Олардың менеджерлері, скауттары, агенттері кіші коман­даларда ойнайтын жігіттер осылай жарқырап көрінеді, десе де, топ деңгейде ойнауға дайын емес болып шығатынын жақсы біледі. Бұл – ұзақ уақыт сыналатын дүние. Сондықтан меніңше Темірланға алдағы 1-2 маусымды елде өткізіп, әбден толысып, өзінің ұлттық құрамада нөмірі бірінші екенін баршаның көзін жеткізіп барып, «Страсбург», «Ренн», «Вердер» секілді коман­даларда тәжірибе жинап, сосын гранд клуб сапына барса, өте жақсы болар еді. Егер расында ғайыптан тайып, топ-клубтардың бірі шақырып жатса, Анарбеков кез келген қақпашымен бәсекелесуге дайын. Дегенмен ол қанша дарынды болса да, оған топ-клубтарда өзін көрсетуге мүмкіндік беріле ме? Осыны назарда ұстаған жөн. Меніңше, оның бірте-бірте өскені дұрыс. Ең бастысы, жарақаттан аман, дені сау болсын! Мінезі бар жігіт. Ары қарай жарып шығатыны анық. Десе де, алдағы 1-2 жылда «Қайрат» сапында шыңдалып, ел құрамасында сөзсіз нөмірі бірін­ші қақпашыға айналуы керек.

Ермұхаммед МӘУЛЕН, спорт комментаторы:

Темірлан топ-5 чемпионаттың бірінде ойнауға әбден лайық

– Темірлан Анарбеков – өте мықты қақ­пашы. 113 сейв жасап, күні кеше Қазақ­стан Премьер лигасында үздік қақпашы но­минациясын жеңіп алды. Еуропалық ма­мандардың да көзі түсіп жатыр. Әсіресе, италиялық мамандар оны назарда ұстап жүр. Жалпы, Италияда қақпашыларды бәрінен биік қояды, себебі, олар қорғаныс арқылы ойнайды. Сондықтан Дастан Сәтпаевтан соң әлемдегі топ-5 чемпионаттың біріне ауысатын бірден-бір кандидат осы – Темірлан Анарбеков. Әлі жас, керемет соққыларды қайтарып, әлем­ді таңғалдырып жүр. UEFA өткен аптада әлеуметтік желідегі рес­ми парақшасына оның үздік сейвтерін кесіп салды. Ресми сай­тында да мықтылардан жоғары, бірінші орында тұр.
Жаттығу жасайтын қақпашы бар, жаттығуды керек етпей, жүре бере­тін қақпашылар бар. Шеберлік, табиғи талант, секіргіштік, икем­ділік. Шапшаңдық. Мұның бәрі қақпашының бойында болуға қа­жет дүние. Темірлан Чемпиондар лигасының біраз ойындарына қ­атысты. Пенальти тосқыш шеберлігі бар екенін дәлелдеді. Өзі соны түсініп жүр. Сондықтан ол қазір жаттығуды күшейтіп жатқан шығар деп ойлаймын. Оған қоса, «Қайраттың» қақпашылар бапкері Илья Юров көп көмектеседі. Ұлттық құрамада қақпашыларды баптайтын Олег Воскобойников та бар білгенін үйретеді. Анарбековтың бағы­ның ашылуына септігін тигізген Заруцкий десек, артық айтқандық емес. Ол мысық тілеу емес шығар, десе де Заруцкий жарақат алма­ған­да жағдай басқаша болар еді.
Қазір оған топ клубтарға асығудың қажеті жоқ, қазір топ чем­пио­­нат­тар­ға асыққан абзал. Оған Германия Бундеслигасы, Испания Ла лига­сында ойнаған жақсырақ. Бельгия мен Голландия чемпионаты да жалпы жаман емес. Португалия біріншілігі де керемет. Мысалы, «Бенфика» клубы – қақпашылар әзірлеп шығаратын мықты команда. Топ-клубтар «Бенфикадағы» қақпашыларды оп-оңай алады. Бұл – футболда қалыптасқан процесс. Дриблинг жасай алатын шабуыл­шыларды Бразилиядан, ортада ойнайтын тіреуіш, еңбекқорларды Африка, Колумбия жақтан алады. Ал қорғаушыларды Балқан түбегінен іздейді. Сол секілді «Бенфика» қақпашы сатумен айна­лы­сады. Португалияның «Бенфика», «Спортинг», «Порту» командалары Анарбековке қызығып жатыр деген сәл сыбыс бар. Рас болса, тіпті, тамаша болар еді. Басында Италия туралы айтқан себебім, жартылай қазақ, жартылай италиялық футбол агенті Марко Абай Трабукки «Интерге» қарсы ойынға келіп, Анарбековтың өнеріне тән­ті болған-тын. Ол Темірланның «Интердің» қақпашысы Ян Зом­мерден еш кем емес екенін баса айтты. Сондықтан Анарбековте топ чемпионаттарда ойнап кетуге толық мүмкіндік бар.  Қандай десеңіз, «Удинезе», «Гронинген», «ПСВ», «Бенифка» секілді командаларға барса игі болар еді. Дәл қазір атағы айға жеткен «Реал», «Челси» секілді клубтарға бар­сын деп айта алмаймыз. Олардың өз мықты қақпа­шы­лары жетер­лік. Сондықтан олардың клубында  қосалқы құрамда отыр­май, ойын­ға араласа алатын чемпионаттарға барғаны абзал.

P.S.Темірлан бір жыл бұрын қараша айында ұлттық құрама сапына шақырту алғанда Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында елдегі нөмірі бірінші қақпашы болғысы келетінін айтқан-тын. Араға бір жыл салмай, қыркүйекте Уэльске қарсы ойында дебют жасап, қарашада Бельгия құрамасымен өткен ойында айрықша көзге түсті. Осылайша, екі-ақ ойыннан кейін құрамада негізгі қақпашы болған Мұхамеджан Сейсенді бірте-бірте тұғырдан ығыстырды. Ал кеше берген сұхбатында Еуропаның кез келген клубында ойнағысы келетінін, әлемдегі үздік қақапашылармен бірге бәсекелесу екенін ашық айтты. Алдағы уақытта сол мақсатына тезірек жетсе екен деп тілейміз.

Тэгтер:

алматылық «Қайрат» клубы Темірлан Анарбеков «Қайрат» қақпашысы үздік ойыншы Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі