Ақан Әбдуәлі – танымал өнер қайраткері, бірнеше мемлекеттік марапат иесі. Біз қызықты шығармашылық жолы бар, Жетісу дәстүрлі өнер мектебінің белгілі өкілімен сұхбатымызда бүгінгі қазақ өнері жайында әңгіме өрбіткен едік.
– Қай өнерпаз болса да, өнерге жасынан бейім болатыны белгілі. Оған себеп болатын екі нәрсе бар, біріншісі туа біткен қабілет десек, екінші өзі өскен ортаның әсері. Сізде де сондай ма?
– Әрине, өнердің қай саласына келген адам болса да оған өзінен үлкендердің, өскен ортасының әсері болатыны сөзсіз. Қазақтың «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілерсің» дейтіні сол ғой. Мені ең алдымен өнерге қызықтырған өзімнен үлкен ағам болды (кейін олардың біреуі 27 жасында, екіншісі 40 жасында дүние салды, екеуі де домбыра шертетін). Сосын жыр-дастандарды жасымнан құлағыма құйған атам еді. Шынын айту керек, әкем өнерге, көп сөзге жоқ адам еді. Ал шешем жақсы ән салатын. Бұрынғы халық әндерінің көбін білетін. Алты жасар кезімде қайтыс болған атам Әбдіуәлі атқа мінгенде мені алдына отырғызып алып жүретін, бір жерге барса мені жанынан тастамайтын. Өмір бойы жылқы баққан адам ғой, суықта көп жүрген, сондықтан аяғына суық тиген болуы керек, екі-үш ай ғана ауырып бақилық болды. Қазіргілер сияқты малын айдап қойып анда-санда бір хабар алып қою деген жоқ ол кісіде, күндіз үйде, түнде жылқының басында болатын. Таңертең үйге келгенде сақалына мұз қатып тұратын. Атам үлкен ағамды туғаннан бауырына басып, қолында өсірді. Атам соған «Батырлар жырын» оқытып, тыңдап отыратын. Ол қалың жасыл кітап үйде әлі бар. Кейін «Батырлар жыры» жазылған үлкен күйтабақтар шыққанда соны радиоға қойғызып, диванда шынтақтап жататын да, бір кезде қасында жатқан маған «тоқтат» дейтін, жүгіріп барып радионың түймесін шырт еткізіп басып, айналып тұрған күйтабақты тоқтатқанда ар жағын өзі жалғастырып, әндетіп, мақамға салып тұрып, жаттан айтып кететін. Әлгі дастандарды түгел жатқа біледі. Қолында өскен үлкен ағама сол дастандарды кітаптан оқытқанда құлағына құйып алған ғой! Сонда атамның жасы 86-да еді. Қазір ойлаймын, атамның басқа немерелері де болды ғой, бірақ неге мені жанынан тастамай ертіп жүрді екен, әлде менің болашақта өнер жолына түсетінімді жүрегі сезді ме екен деп.
Атам советтік заманда өмір сүрсе де, Құдайға құлшылығын тастамаған адам еді. Намаз оқитын кезде далада жүрген бізді шақырып алып, терезенің перделерін жаптырып, есікті іштен ілдіріп, кілттетіп қоятын. Ол кезде кішкене баламыз ғой, ештеңені түсінбейміз. Атам намаз оқып жатқан кезде арқасына жабысамыз, сәждеге бас қойып жатқан кезде әпкем екеуміз үстіне ат қып мініп аламыз, ал ол кісінің бізбен жұмысы жоқ, намазын үзбей оқи беретін. Сонда ол кісі, біз ештеңе ұқпасақ та, құлшылық жасауды көріп-біле берсін деп, намаз оқығанда әдейі қасына алып жүрген-ау деп ойлаймын.
Біздің әжеміз – атамның бірінші зайыбы 49 жасында дүние салыпты. Атамның содан кейін алған екінші әйелі – Қамила апам бізді туғаннан артық көрді, өзі керемет өнерлі адам болатын. Өлеңді суырып салып айта беретін. Бір сөзін екінші рет қайталамай, тыңнан шығара беретін. Кейін сол кісінің шығарған өлеңдерін, айтқан әндерін «Жетісу ақындарының жар сарыны» кітап шығарғанымда соған енгіздім. Бір отырғанда қырық шумақ өлең мен төрт әнді айтып берген. Сонда ол кісі 92 жаста еді (2006 жылы дүниеден өтті, ал атам одан 25 жыл бұрын, 1981 жылы бақилық болған). Әндері біз бұрын естімеген әндер еді, оларды «Қазақтың 1000 әні» антологиясына енгіздім.
Міне, осы жайлардың әсері болар, 6 жасымнан өз бетімше домбыра үйрене бастадым, сосын үйдегілердің үлкендері жұмысқа, әпкем, ағаларым сабаққа баратын болған соң, үйде маған қарайтын ешкім жоқ болды да, 1981 жылы 6 жасымда 1-сыныпқа бардым. Анам бастауыш сыныптың мұғалімі еді, ал мені көршіміз Хатшы апай оқытты. Өнерге қызығушылығымды білетін алғашқы Төкен ағайым домбырамен сүйемелдеп, Ахмет Жұбановтың «Ақ көгершін» әнін айтқызатын. Сосын ауылдағы мәдениет үйінде үйірме ашып, балаларды дайындап жүретін Жанат аға да өнерге баулыды. Сол кісінің үйірмесіне барып, домбыраны тереңірек игеріп, оның үйретуімен алғаш «Келіншек» күйін тартқаным есімде.
– Өнеріңіз ары қарай қалай жалғасты? Естуімізше, жас кезіңізден айтысқа да қатысқан көрінесіз?
– Иә, айтысқа да қатыстым. Ең алғаш, 6-сыныпта оқып жүргенде Оразалы Досбосынов екеуміз айтысқанбыз. 7-сыныпта оқып жүргенімде Надежда Лушникова апай «Жамбылдың ақындық мектебі» деген үйірме ашып, соған қабылдаған еді. Бір ай Үмбетәлі музейінде жатып, белгілі айтыскер ақын Әсімхан Қосбасаровтан сабақ алдым. Ол кісі атақты Жамбыл ақыннан бата алған, күллі Жетісудың мақам-саздарын сақтап, кейінгіге жеткізген адам ғой, жыр мақамдарын бойыма сіңірді. Жанында бір ай болған кезімде күнде таңнан тұрғызып алып, өлең айтқызатын. Жыр-терме жаттатқызатын. Сосын өзі түрлі мақаммен жыр айтып көрсетіп, оны қалай игеріп жатқанымды қадағалайтын. Қазір Жамбылдың мақамымен жыр-терме айтып жүргендер көп қой, ал соны ең бірінші Ерік Асқаровпен сөз қағыстырғанда сахнада қолдандым. Сондай-ақ Әлімқұл Жамбыловтың өнегесін көрдім. Одан кейін Есенқұл Жақыпбеков ағам назар аударды. Анам екеуміз концертке барғанда көріп қалып, «Мына балаңыз өнерлі екен, тексеріп көрейінші» деп үйіне ертіп алып кетті. Ол кезде Есағаңның жас кезі, атағы дүрілдеп тұрған ақын. Үйіне барсақ, жеңгей жұмыстан келмеген екен. Менен «қандай өлеңдер айтасың, қандай мақамдарды білесің» деп сұрап отырды да, бір кезден шай құйып беріп, шәйнекті үстелге қойып, «өлең шығара аласың ба, мынаған өлең шығарып көрші» деп шәйнекті нұсқады. Мен «Бұл шәйнектің сыртында гүл бар екен, ішінде суып қалған су бар екен» деген сияқты бірдеңелерді құрастырып өлең шығарып едім, Есағаң «Әй, мынау ақын ғой» деп күліп жіберді.
1988 жылы Жамбыл ауданы мен КазГУ-дің ақындары арасында айтыс өтетін болып, Ерік Асқаров пен Надежда Лушникова сөз сайыстыруы тиіс еді. Бірақ апай айтыс басталмастан бұрын шақырып алып, «Мен Ерікпен айтыспаймын, – деді. – Сен сахнаның сыртында дайын тұр. Сахнаға барып отырамын, сосын Ерік шығады. Сосын мен Ерікке «Саған менімен айтысуға әлі ерте, сенімен менің шәкірттерім айтысады» деймін де, сахнадан тұрып кетем. Сол кезде сен жүгіріп барып менің орныма отыр да, өлеңіңді айта бер», – деді. «Жарайды» дедім. Надежда апай айтысты бастады, бір кезде тоқтай қалды да «Мен енді сенімен айтыспаймын, сенімен енді шәкірттерім айтысады» деп орнынан тұрып кетті. Мен тез-тез басып сахнаға шығып, Надежда апайдың орнына отыра қалдым. Сөйтіп ем, Ерік аға шынышақтай маған бір қарады да, орнынан тұрып кетіп бара жатты. Сол кезде домбыраны шертіп-шертіп қалып, жылдамдата: «Ей, ағатай, ағатай, Алдыңа келді балақай. Баланы бала демеңіз, Тілім менің қалақай» деп өлеңдете бастап едім, ана кісі қайтып келіп орнына отырды. Біраз өлеңдетіп барып, тоқтаған кезде Ерік аға: «Құдай қосса, дұшпан аспас бел боларсың, Еліңді ойлайтұғын ер боларсың. Кешегі Ақан сері Құлагері, Ертең өсіп жеткенде сен боларсың» деп батасын берді. Сол кезде әділқазылар алқасында отырған көрнекті жазушы Сәкен Жүнісов сахнаға жедел басып шықты да, «Мен баяғының Ақанын жазып жүрсем, тірі Ақан мында екен ғой» деп риза болып маңдайымнан сүйіп, өзі жазған екі томдық «Ақан Сері» романын сыйлады.
– Ғажап сәт екен! Бала кезде ондай белгілі кісілердің батасын алу бақыт қой. Бірақ кейін неге айтысты қойып кеттіңіз?
– Иә, 2002 жылға дейін айтыстым. Сосын өнердің басқа саласына бет бұруға тура келді. Себебі сол шақта біздің Жетісудың жыр-терме өнері кенжелей бастады. Анау Қабан жыраудан беріге дейін келіп жеткен өлкенің жыраулық дәстүрі Әсімхан мен Әлімқұл дүниеден өтіп кеткен соң олардың ізін қуатын өнерпаздар көзге түспей қалды. Оның үстіне Жетісудың мақамымен айтыста жыр төгетін Оразалы Досбосынов та 2004 жылы жол апатынан қаза тапты (Оразалы екеуміз түйдей құрдас едік, туған жылымыз да, айымыз да бір. Тек ол 15 қарашада, мен 16 қарашада дүниеге келіппіз). Бұл бір өлкенің үлкен бір өнер саласына қауіп төндірген жағдай еді. Сол шақта жыр-дастандар айтуды бастап кеткем. 2001 жылы Қызылордада жыраулар сайысына қатысып, «Көроғлы», «Алпамыз батыр», «Қобыланды батыр», «Сұраншы батыр» дастанынан, «Сүйінбай мен Қатаған» айтысынан үзінділер айттым. Әрине, ол сайыста жыр-дастан, айтыстарды түгел орындауға мүмкіндік жоқ, атақты фольклоршы ғалым, академик Рахманқұл Бердібаев бастаған әділқазылар алқасы дастандардың кез келген жерін жерінен айтқызады, сол кезде мүдірмей айтып кете беруің керек. Ол сенің дастанды толық білетін-білмейтініңді тексеру ғой. Сыннан сүрінбей өтсең ғана бағаланасың. Сөйтіп, айтысты қойып, жыраулық өнерге кеттім.
– Біздің халық ырымшыл ғой, «Адамның есімі тағдырына әсер етеді» деп сеніп, балаларына да көбіне атақты адамдардың атын қойып жатады. Сізге Ақан деген есімді кім қойды? Атақты Ақан серімен байланысы бар ма?
– Әрине, ол заманда қазіргідей «айтылуы әдемі» деп сәбиіне кез келген есімді бере салу болмаған ғой. Қандай есім берсе де ырымдап қойған. Мен дүниеге келер кезде қазаққа танымал жазушы Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» романының атағы дүрілдеп тұрған кезі екен. Ол кезде халық кітапты көп оқиды, отыз-қырық мың тиражбен шыққан кітаптардың өзі елге жетпей қалады екен. Сондықтан жұрт көбіне жаңа шыққан кітаптарды кітапханадан алып оқиды. Біздің ауылдың кітапханасына да «Ақан серінің» бір данасы келіп, оны шофер болып істейтін әкем жұрттан бұрын иеленіп алып, машинасының «бардачогіне» салып жүріп, құмардан шыққанша қайталап оқып жүреді екен. Ақан серідей аты күллі қазаққа мәлім мәшһүр өнерпаздың тағдыры туралы көркем сөзбен келістіріп жазған кітап кімге әсер етпейді? Роман әкеме қатты ұнаған көрінеді. Ол мен туғанда мал сойып, жора-жолдастарын үйге шақырып мереке жасап, дастарқан басына жиналғандарға «Ақан сері туралы кітап оқыдым. Керемет екен! Менің екі-ауыз сөздің басын қоса алмайтынымды білесіңдер, сондықтан балам сондай өнерпаз болар ма екен деген ниетпен атын Ақан қойғым келіп отыр» деп, ұлы өнерпаздың есімін берген екен. Әкемнің сол тілегін Құдай берген болуы керек, өмірім өнерге арналып келе жатыр.
– Өмірбаяныңызға қарасам, консерваторияны 30 жаста бітіріпсіз. Оқуға кеш түстіңіз бе?
– Оның қызығы көп (күлді). Жастық не істетпейді? «Еш оқу орнын бітірмей-ақ Құрманғазы күйші болған, Ақан сері әнші болған, мен де солардай оқымай-ақ ел танитын өнерпаз болам» деп мал бағуға кетіп қалғам ғой мектеп бітірген соң.
Ол заманда ел басқарған кісілер адам танитын еді ғой, кішкене таланты бар жастарды қолдап тұратын. Оқушы кезімізден сахнаға шығып жұрттың көзіне түскен соң ел атымызды біледі. «Ана бір айтысатын бала бар еді ғой, сол қайда жүр» деп сұрастырып, мал бағып жүргенімді білген соң Алматы облысының облыстық мәдениет бөлімінде істейтін Күлімхан Жайшыбекова деген апамыз адам жіберіп алдырып, зорлағандай қылып Қаскелеңдегі мәдени-ағарту училищесіне оқуға қабылдатты.
1991 жылы Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында ІІІ республикалық айтыс болды (оның біріншісі 1943 жылы өтіп, оны Жамбыл Жабаев арнау айтып ашқан, екіншісі 80-жылдардың басында өткен). Сол айтыста танымал әнші Жәнібек Кәрменов «Жамбас сипар» әнін орындады. Мен Кененнің «Көкшолағы» мен Жамбылдың «Ақындарға арнауын» айттым. Ол кезде 16 жастамын. Содан әнімді орындап сахнаның сыртына шыққанымда, Жәнібек аға шақырып алып, «Айналайын, талабың бар жақсы бала екенсің, қайдан келдің?» деп жөн сұрады. Айтқандарымды тыңдап алды да әнші «Біз консерваториядан халық әндері кафедрасын аштық. Онда түрлі ән мектептері бойынша оқытып жатырмыз. Бірақ оның ішінде Жетісудің әншілік-жыршылық мектебі жоқ. Соны оқытуға адам таба алмай отырмыз. Әсімхан Қосбасаровты да, Дәнеш Рақышевты да шақырып едік, келмеді. Сен Жетісудің әндерін айтады екенсің, бізге келсеңші» деп ұсыныс жасады. Сөйтіп, мектепті бітірген жылы консерваторияға барғанымда Жәнібек Кәрменов қайтыс болып кеткендіктен, оқуға түсе алмай қалдым. Сөйтіп, Жетісу ән мектебінен оқытатын ұстаз болмаған соң жолым болмады.
Консерваторияға 1993 жылы түстім, бірақ 1995 жылы белгілі бір себептермен оқудан шығып кеттім. Жастықтың жөні, өмірдің қызығы осы екен деп еркіндеу өмір сүрдік. Бір күні әкем ұрысты (бұрын олай қатты кейіген кезі болмаған), сол қатты әсер етіп, бір күнде ащы судан ұрттау, темекі тарту дегенді мүлдем қойып кеттім. Сөйтіп, 2000 жылы консерваторияға келдім. Келгенде онда оқуға емес, Талдықорғандағы Жетісу университетінде оқуға «консерваторияда 2 жыл оқыды» деген анықтама алуға келгем. Егер оны алсам университтеттің 3 курсынан бастап оқуға мүмкіндік бар екен. Сол кезде консерваторияда талапкерлерді оқуға қабылдап жатқан Бекболат Тілеухан кафедра меңгерушісі екен, қасында сол кафедраның оқытушысы Берік Жүсіп бар. Бекболат мені көрді де: «Ау, Ақанжан, сені біз жоғалтып алдық қой, қайда жүрсің? Келіп оқуың жалғастырмайсың ба?», – деді. «Оқуды жалғастыру үшін ақша төлеу керек қой, әке-шешем мыңғырған мал ұстап отырған бай адамдар емес, бір сиыр, 3 қойынан басқа түгі жоқ. Бұл жерде оқуға жағдайым келмейді» деп едім, Бекең «Мұнда сен келмесең, Жетісудің әні айтылар, бірақ жырының мақам-саздары құриды. Ол мақам-саздар өлгендермен өлілей кетті, ал сен тірісің, жалғастырмасаң сенімен де тірідей кетеді. Сол үшін ойлан. Ойлан да беліңді буып, қайтадан оқуды бірінші курстан баста. Мына сенен жасы үлкен Нұржан Жанпейісов нөлден бастайын деп отыр ғой. Филологияға барсаң жырдың емес, тілдің ізіне түсесің, сондықтан тағы да ойлан» деді кесімді үнмен. Түнімен ойландым да, ертеңіне консерваторияға келдім. Бірақ баяғыдай бірінші курсқа алмайтын болып шықты, оқуға түсу үшін екі дайындық курсынан өту керек екен. Оны екі жыл оқу керек! Бекболат аға маған «Ректорға (Жәния Әубәкірова. – А.Ә) кірем де, сені екінші дайындық курсына қабылдатам. Сен елдің жыры, мақамы үшін тәуекел де, одан жаман болмайсың» деп дем берді. Содан Нұржан Жанпейісов екеуміз екінші дайындық курсына қабылдандық. Бірақ бір айдан кейін екеумізді бірінші дайындық курсына лақтырып жіберді, біріншісін бітірмей, екіншісінде оқуға болмайды екен. Не істерімізді білмей дағдарып тұрған кезде әлгі Бекболат аға келе қалды. Сол кезде ол Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы еді. Жағдайымызды сұрады. Мен «Өзгелер сәбіздің сабағы сияқты жоғары қарай өссе, біз сәбіздің өзі сияқты төменге қарай өсіп жатырмыз» дедім, ол ішегі қатып күліп «Төмен қарай өскені несі?» деп. Мән-жайды білген соң ол жедел ректорға кіріп кетті. Сосын қайта келіп, «Дайындықтың екі курсын экстренный бітіруге дайынсыңдар ма?» деді. «Дайынбыз» дедік. Сөйтіп, арнайы құрылған комиссияның алдында сынақ тапсырып, одан өтіп барып бірінші курсқа қабылдандық. Консерваторияда алғашында Берік Жүсіп, Ержан Қосбармақов ұстаздық етті. Одан соң Қайрат Байбосынов та бір жылдай оқыдым. Ол кісі «Сен бағытыңды бұзбай, дәстүріңді сақтап өзіңше іздене бер, кемшілігің болса көрсетіп отырам» деді. Манарбек Ержановтың ән салу мәнеріне бала кезден қызығатын едім, одан Дүйсенбек Өмірәлиев оқытты. Ал бітіретін жылы мені Ардақ Исатаеваға берді. Онымен 1993 жылы консерваторияға бірге түскенбіз ғой. Ол «Бәрін өзің білесің ғой, емтиханда айтатын әндеріңе дайындала берсейші» деді. Қазір әзілдеймін ғой, «Ардақ Исатаева менің ұстазым» деп. Сөйтіп, 2005 жылы консерваторияны 12 жыл оқып бітіргем. Соған орай Есенқұл Жақыпбеков ағам әзілдейтін еді, «Бұл іші пысқан кезде консерваториядан шығып кетеді де, онысы басылған соң қайта барып оқиды» деп.
– Өнер саласында еңбек еттіңіз, басшылық қызметтерде болдыңыз. Еңбек жолыңыз қалай басталып, қалай жалғасқанын да айта отырсаңыз?
– Консерваторияда қоғамдық істерге белсене қатыстым. Студенттер кеңесін басқардым. Жастар жасым үлкен болған соң ба, сыйлады, түрлі шаралар ұйымдастырғанда айтқанымды істеді. Сондайда көріп қалған ректор мені оқытушы деп ойлайды екен. Диплом алып жатқанда факультетіміздің деканы Кәрима Сүндетқызына, «Мұндай бізге қажет азаматтарды консерваторияға оқытушы қылып қалдыру керек» деді. Сөйтіп, консерваторияны бітіре салып жұмысқа тұрып, сол жерде 6 жыл еңбек еттім. Негізі, оған дейін де 4-курста оқып жүргенде Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде сабақ бердім.
Студент кезімде халықаралық «Шабыт» фестивалінің гран-при жүлдесін алдым. Ал төртінші курста жеке концерт беріп, соны ұсыну арқылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты болдым.
Бірде Ұлттық арнаның кастингіне қатысып, үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әніне арналған хабарды жүргізіп көрдім. Үш күннен кейін сол кездегі Ұлттық арнаның басшысы Ғалым Доскен аға шақырып алып, жүргізген хабарымның телевидениеден берілгелі жатқанын айтып, ризалығын білдіріп, «Қазақтың 100 әнін» жүргізуге шақырды. Сөйтіп, рейтінгісі мықты болған сол жоба арқылы 102 әннің тарихын зерттедік. Одан соң «Мәңгілік сарын», «Інжу-маржан», «Астана-арқау» секілді хабарларды да жүргіздім. Ғалым Доскен Ұлттық арнадан кеткен кезде көптеген қызметкер жұмыстан шығып кетті ғой, соның ішінде біз де болдық. Бір күні Саян Ақмолда екеуміз Ғалым Доскенге барып, қазақтың ән-күйлері туралы талай хабарлар жүрсе де, ұлттық ән-күйлеріміздің ешбірінің антологиясы жасалмағанын, сондықтан соны қолға алып, «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі» деген антология жасау қажеттігі барын айтқанымызда, ол кісі «Мынау керемет идеяға ғой» деп ұсынысымызды қуана қолдады. Сөйтіп, ол жобаға қажетті қаражатты өзі тауып, басынан аяғына дейін басшылық жасады. Сәуле Жанпейісова, Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қосанова, Нұржан Жанпейісов, Абзал, өзім – бәріміз күн сайын бас қосып, әндерді тыңдаймыз. Тыңдағандарымыздың арасынан жобаға қосуға болатындарын таңдаймыз. Ол оңай жұмыс емес. Мысалы, Үкілі Ыбырайдың бір ғана «Гәкку» әнін 20 әнші орындаған. Соның ішінен түпнұсқаға ең жақынын әрі ең жақсы орындалғанын таңдау керек. Оның үстіне, кей әндердің нотасы болғанымен орындалмаған. Олардың кейбірін ел арасына экспедицияға шыққандар жазып алған, оларды кемпір-шалдар орындаған, сапасыз жазылған, сапасыз орындалған. Соларды антологияға өздеріміз кәсіби түрде орындап кіргіздік. Сөйтіп, әбден салыстырып, саралап, таңдаудың нәтижесінде «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі» антологиясын жасап шықтық. Міне, сол кездерден мені жақсы білетін, өзі сол тұста қазіргі Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатының директоры Нұрлан Өнербаев ағамыз өзіне орынбасарлық жұмысқа шақырды. Бірақ ол жерге барған соң Нұрлан аға үш айдан кейін Парламент Мәжілісінің депутаты болып кетті де, директордың міндетін атқарушы болып қалдым. Ол тым тосын нәрсе көрініп, қорыққаным сондай, «Директордың міндетін атқарушы» деген бұйрық шыққан соң бір аптадай жұмысқа бара алмай жүрдім. Сөйтіп, 2008 жылдың желтоқсанынан 2009 жылдың сәуіріне дейін сол лауазымда жүрдім, сосын директор етіп бекітті. Оған дейін қолдан келгенше біраз шаруа жасадық. 4 сәуір – өзінің туған күнінде өз атындағы мектеп алдында Ахмет Жұбановтың ескерткішін аштық. Ол еліміздегі академик Ахмет Жұбановтың тұңғыш ескерткіші еді. Сол кезде Ахаңның атындағы мектеп-интернат бұрынғы статусынан айрылып, Алматы қаласы әкімдігінің қарамағына беріліп кеткен еді. Біз айтысып, тартысып жүріп, 2010 жыл білім ордасына республикалық деген мәртебесін қайтардық. Ахмет Жұбанов үшін еткен азды-көпті еңбегіміздің бағаланғаны шығар, 2010 жылы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясына директор қылып тағайындалдық. Айта кету керек, 1935 жылы бұл өнер ордасы ашылғанда мұны Ахмет Жұбанов басқарған.
– Сіз біраз лауазымды қызметтерде жүрдіңіз ғой, басшылық жұмыс өнер адамының шығармашылығын өрістетуіне кедергі болатын шығар?
– Әрине, қолдан келгенше әркім өз саласында еңбек етіп, өзі армандаған биіктің жолында тер төккенге не жетсін. Бірақ өмір біз ойлағандай бола бермейді ғой. «Несібең қай жерде шашылса сонда жүресің» дейтін еді үлкендер, сол сөз шындық екен. Әйтеуір түбінде өзің қалаған нәрсеңмен айналысуға қолың жетсе, соған қуанасың. Әлгі әңгімені жалғастырсам, филармонияда 1 жыл 3 ай істеген соң Алматы облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы, онда бір жыл отырған соң Алматы облысы әкімінің орынбасары болдық. Сосын консерваторияда оқып жүргенімнен білетін, сол тұстағы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова апай Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректорлығына шақырды. Өнер адамы болған өнер ордасына жақын жүргенді қалайсың ғой, барғым келді. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ағамыз ренжіңкіреп, әрең жіберді әйтеуір. Өнер академиясында бір жыл басшы болған соң, Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы болып бардым. Бірақ ол жерде орта басқа, жұмысқа байланысты түрлі қарым-қатынас болады. Сондықтан сол кездегі министр Дәурен Абаевқа кіріп, өнер саласына жіберуін сұрадым. Сөйтіп, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясына директор болып келдім. Бұл жерге келгелі, Құдайға шүкір, шығармашылықпен айналысып жатырмыз. Бірнеше ән шығардым, 6-7 баспатабақ өлең жаздым.
– Жетісу өнер мектебінің қазіргі жай-күй қалай? Ол бойынша кімдер еңбек етіп жүр?
– Жетісу ән-жыр мектебіне келсек, Ерболат Шалдыбеков деген азамат бар, қазір Астанада Қазақ ұлттық өнер университетінде Жетісу жыр мектебінен сабақ береді. Сосын әнші-жыршы Мақпал Тоқтаған деген қыз бар, Нұрым деген жігіт бар. Құрманғазы консерваториясында қазір Жетісу ән мектебінен сабақ беретін Тілеулес Құрманғалиев бар, жыр мектебінен сабақ беретін ешкім жоқ. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында Жетісу жыр мектебі бойынша кафедра бар еді, бірақ онда сабақ беретін Ержан Қосбармақов кетіп қалды. Сосын барып бір жыл зерттедім. Онда Нұржан Жанпейісов, Ерлан Рысқали, Шолпан Даржанова бәріміз сабақ бердік. Қазір ол кафедрада Жетісу ән мектебі бойынша мамандар бар, жыр бойынша жоқ. Өзім дайындаған бірнеше шәкіртім бар, келіп тұрады. Менің «Жетісу ақындарының жыр мектебі» деген Қабан жыраудан Сәбит Оразбаевқа дейінгі жыршылардың мақам-саздарын жинақтап, нотасымен жариялаған (нотаға түсірген Мұрат Әбуғазы) кітабым бар, содан үйреніп жүрген жастар бар.
– Жетісу ән дәстүрінің өзге өнер мектептеріне ұқсамайтын қандай ерекшелігі бар?
– Әр жердің өнері өз табиғатына тартады ғой, мысалы Сыр өңірін айтсақ, жел тұрғанда көз аштырмай қоятын сары құмдары, Аралдың толқындары сияқты әндерінің сазы құбылмалы. Арқаның әндерінде кең көсілген даласы сияқты кең тыныс бар, Батыстың әндерінен батырлықты, ереуіл сезімді, рухты сезесің. Шығыстың әндері табиғаты сияқты тамылжып тұрады. Ал Жетісу әндерінің сазы жайсаңдар, жарқындау, жұмсақтау, ойнақы келеді. Арасында биік дауыспен айтылатын әндер де бар, мәселен, Кененнің бірнеше әні. Бұлардың авторын айтпасаңыз, тыңдаушылар халық әні деп ойлап қалуы әбден мүмкін. Жетісу әндерін тыңдаушы жеңіл қабылдағанмен, орындауы шеберлікті талап етеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Ахмет ӨМІРЗАҚ