Шөп те өлең, шөңге де өлең, өңге де өлең...

Бүгін, 15:00 / Túrkistan Gazeti
ашық дереккөзден алынды

«Чувство меры». Орыстарда бұрыннан берік қалыптасқан, өздері едәуір жиі қолданатын осындай сөз тіркесі бар. Қысқа да нұсқа, дәлме-дәл қазақша баламасын табу қиындау. Тарата айтсақ, әрненің парқы мен шегін, соның ішінде кісі баласы өзгенің де, өзінің де шамасын білетін қасиетін тап басып бейнелейтін сөзсаптам. Яғни, «бәрінің шама-шегін жіті сезіну» (Абайша айтқанда, «әр нәрсенің өлшеуін») әм «шамаңды білу» қасиетін, «ішкі цензураңды» аңдататын әдемі тіркес.

Меніңше, мұны байырғы қазақ бір-ақ сөзбен «сұңғылалық» десе керек-ті... 
Көзімнің жеткені – талғампаздықтан сәл бөлектеу, сирек те серек осы қасиеттен біздің қазақтың қазіргі қалың оқырманы мен жазарманы, соның қатарында, әсіресе «ақын­дарының» көбі мақұрым. Мазмұны оны жазушының өзінен басқаның ішін пыстырып жіберетін бірсарынды, езбе «публицистикалық-саяси» сөзуарлыққа бейім, дыбыс қуалауға құмар, соңына жет­кенше ішегің үзіле жаздайтын «шындығы» шұбалған шетсіз-шексіз шумақтарға әуес, тақырып талғай бермейтін кей «шайырдың» графомандығы да – соның «жемісі», сірә. 
Таласа оқылса, талғамға татыса, мақұл ғой,  балладасының өзі батпандай бір кітап, арнаулары алты кітап болатын ақындар бар. Тоқтайтын тұсты, қаламын қаңтаратын кезді сезінбейтіні көп. Өзін-өзі қызықтап кетеді. Онша оқылмайтын болған соң олқысының орнын, ішкі қуаты кемшіндігін, мазмұн-мәні жұтаңдығын «музыкамен» жауып, «креатив поэзия» жасауға тыраш­тану­шылар шықты тағы да. 
Қысқасы, қазақша қайырсақ: «шөп те өлең, шөңге де өлең», өңге де өлең... 
Әттең, ондайға тоқтау салып, тежеу мүм­кін емес сияқты. Өйткені «Айтушы мен тың­даушы көбі надан, Бұл жұрттың сөз та­нымас бір парасы» (Абай хәкім). Құнан­байдың дана перзенті қойып кеткен сол «диагноз» бәз баяғыша, еш өзгерместен өзек­ті болып отырғаны – үшбу «дертке» дауа жоқ екеніне дәлел ме деймін. Қайтер­сің...
 

Батырболат АЙТБОЛАТҰЛЫ

Тэгтер:

Батырболат Айболатұлы сөзсаптам шумақ