Құмар ойынға қамқорлық жасамақпыз ба?

Бүгін, 15:45 / Ділда УӘЛИБЕК
ашық дереккөзден алынды

Келер жылдан бастап ойын бизнесі мен лотерея қызметі қосылған құн салығынан босатылмақ. Бұл – жаңа Салық кодексінде бекітілген өзгеріс.Табысы таудай құмар ойындары мен лотерея қызметін ҚҚС-дан босатуға не себеп болды? 1 қаңтардан бастап салық мөл­шерлемесі өсетінін ескерсек, бұл осы салаларға жеңілдік жа­салатынын білдіре ме? Әлде бұған басқа да себептер бар ма? Жауап іздеп көрдік. 

Казинолар қанша салық төлейді?


Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, был­тыр құмар ойындар мен ставкаларды ұйымдастыру сала­сын­дағы көрсетілген қызмет көлемі 484,5 млрд теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 31,4 пайызға өскен (физикалық көлем индексі – 117,8 пайыз). Бұл сома 2022 жылғы көрсеткішпен шамалас, ол жы­лы сектордағы қызмет көлемі 553 млрд теңгеден асқан бо­ла­тын. Жалпы, қызметтің 91,1 пайызын Алматы облысы, оның ішінде Конаев қаласы көрсеткен. Бұл аймақтағы жалпы қыз­мет көлемі – 441,5 млрд теңге. Ал Шучье-Бурабай аймағы – 8,8 пайыз не­месе 42,9 млрд теңге үлес қосқан.

2024 жылғы салық деректері заңды ойын бизнесі секторында өсім болғанын рас­тайды. Жалпы, ойын бизнесі қазынаға 86,7 млрд теңге құйған. Ең ірі салық тө­леу­шілер Realbet букмекерлік кеңсесі (1xBet) мен CashVille казиносы («СВ Ме­неджмент») болды. Бұл ретте Realbet-тің са­­лығы екі есеге өсіп, 18,6 млрд теңгеге жет­­кен, бұл Қазақстандағы ірі көмір өн­діруші компаниялардың төлейтін са­лы­ғы­мен бірдей деуге болады. Былтыр Cash­Ville-дің нарыққа кіргеніне екі жыл ға­на болғанымен, осы уақыт ішінде ай­тар­лықтай қарқын алған: төлеген салығы 75 есе көбейіп, 2,4 млрд теңгеге жетіпті. Ал Bestam Corporation (Montana) мен «РК Ма­као» (Makao) сияқты операторлар са­лы­ғы 500 млн теңгеден астам өскен. Айта кетерлігі, «Курсив» дерегінше, ірі казино бір жылда орта есеппен 2,6-2,7 млрд теңге са­лық төлейді.

Қолдау ма, қорғау ма?

Ойын бизнесі, лотерея саласында қыз­мет көрсетушілер 2019 жылдан бері қо­сылған құн салығын төлеп келеді. Сон­дай-ақ оларға 20 пайыздық корпоративті та­быс салығы да салынған. Бірақ келесі ай­­дан бастап бұл ереже өзгермек. Жаңа Са­лық кодексінің 474-бабында жазылған ҚҚС-дан босатылған салалар тізімінде осы екі қызмет түрінің аты аталады. Де­ген­мен корпоративтік табыс салығы 25 пайызға өспек. 
Бұл ретте, жаңа Салық кодексінің әзір­­ленуін күткен бірден-бір сала осы ойын бизнесі болатын. Бұл бизнес ах­уал қиын екенін алға тартқан еді. Кейін­гі 12 жылда Қазақстандағы казино саны 3,6 есеге қысқарған: 2013 жылы лицен­зия­сы бар 22 казино болса, 2017 жылы – 13, 2021 жылдың басында – 9, ал 2025 жылы елде заңды түрде жұмыс істеп тұрған 6 казино қа­лыпты. Сала өкілдері отандық ба­сы­лым­дарға жоғары салық пен реттеудің қа­таңдығы бизнесті «тұншықтырып отыр­ғанын» айтқан, мемлекеттік орган­дар да бұл үрдіске алаңдайтынын жасыр­май­ды. Туризм саласындағы уәкілетті ко­митет казино санының азаюы бюджет­ке түсетін түсімдердің, жұмыс орындары мен туристердің азаюына апарып соғуы мүм­кін деп есептейді. 
Сонымен қатар бұл мәселеге күдікпен қа­райтындар да аз емес. Мәжіліс депутаты Ел­нұр Бейсенбаев былтыр ойын бизне­сі­нің айналасындағы ахуалды тек эко­но­ми­­­­калық қиындықтармен шектеуге бол­май­тынын айтып, мәселе көтерген бола­тын. Оның пікірінше, лудоманиямен кү­рес пен букмекерлік кеңселерді реттеуге ар­нал­ған заң жобасының 1,5 жылдан бері Пар­ламентке жетпей отыруы лоббис­тер­дің ықпалының белгісі болуы мүмкін. Де­путат бұл жерде ірі қаржылық мүдделер барын, ал заң жобасын созбалаңға салу жем­қорлық қаупін күшейтетінін ашық ай­тып жүр. 

Түпкі иелері кім екені беймәлім

Тағы бір айта кететін мәселе – рес­ми органдардың өзі елдегі казино бизнесінің түпкі бенефициарларын нақ­ты айта алмай отыр. Мәселен, Бура­бай­да­ғы CashVille казиносының иесі саналатын «СВ Менеджмент» жалғыз құрылтайшысы Fernglen атты компания. Алайда бұл ком­па­нияның қай елде тіркелгені, артында кім тұрғаны ашық дереккөздерде көрсе­тіл­меген.
Қонаев қаласындағы ASTORIA мен Bombay казинолары да – тура солай. Олар ASTORIA ЖШС мен «Капшагай Палас» ЖШС арқылы жұмыс істейді. Құрыл­тай­шы­лар қатарында Рая Даулеткалиева есім­ді азамат көрсетілгенімен, ол туралы да жария ақпарат жоқ. Бұдан бөлек, атал­ған компаниялардың құрылтайшылары ретінде Aselsin, Landent секілді белгісіз заңды тұлғалар тіркелген. Бұл фирма­лар­дың да юрисдикциясы мен нақты иелері беймәлім.
Bombay казиносы орналасқан жер те­лімі де күмән туғызады. Ол «Аудит Сер­вис Алматы» ЖШС меншігінде, ал бұл ком­панияның құрылтайшыларының бірі та­ғы да сол Рая Даулеткалиева және Estatel атты белгісіз компания. Яғни, бизнес ны­саны, жері және қызметін жүргізіп отыр­ған субъектілер бір-бірімен қабат­тас­қан, бірақ соңғы бенефициарлар тізбе­гі ашық емес.
«Курсив» дерегінше, Қаржы министр­лі­гіне жолдаған сауалына салық орган­дары нақты жауап бере алмаған, олардың сө­зінше, бизнестердің түпкі иелері туралы мәлімет жоқ. Ал Туризм және спорт министрлігі бұл ақпаратты «Дербес деректер туралы» заңмен бүркемелеп, ашу­дан бас тартты. Осылайша, мемлекет бір жағынан ойын бизнесінің салық, жұ­мыс орны мен туризм үшін маңызды еке­нін алға тартса, екінші жағынан оның кім­ге тиесілі екенін өзі де нақты білмейді.

Біреуге – бюджет доноры, біреуге – қолдау тетігі

Ал әлем бойынша құмар ойындары на­ры­ғындағы табыс 2025 жылы 449,67 млрд АҚШ долларына жетеді деген бол­жам айтылған еді. 2025-2030 жылдар ара­лығында нарықтың жылдық орташа өсім қарқыны (CAGR) 3,05 болады деген бол­жам тағы бар. Нәтижесінде, 2030 жыл­ға қарай нарық көлемі 522,54 млрд АҚШ долларына дейін ұлғаюы мүмкін. Жалпы, әлем­дегі лотерея мен ойын бизнесіне са­лы­натын салықтардың айырмашылығы тек экономикалық емес, әр қоғамның құмар ойынға қатысты көзқарасын ай­қын­дайтын көрсеткіш. Бір ел бұл сала­ны бюджет донорына айналдырса, енді бірі оны туризм мен цифрлық кәсіпкерлікті қол­даудың тетігі көреді. Сондықтан са­лық саясаты әр жерде әртүрлі және ол айыр­машылықтар кездейсоқ емес.
Ойын бизнесіне ең көп салық сала­тын елдердің көшін бүгінде Франция бас­тайды. Кейінгі жылдары бұл ел ойын биз­несін қатаң қадағалауға көшіп, ло­терея операторларының жалпы та­бы­сы­нан (GGR) алынатын мөлшерлемені бір­не­ше рет өсірді. Кей өнімдерге салынатын са­лық 60 пайыздан да асып, EuroMillions се­кілді ірі лотереялардың жүктемесі 69 пайыз­ға дейін жетеді. Мұндай тәсілдің ар­тында бір мақсат жатыр: мәдениет, спорт және әлеуметтік бағдарламаларды қар­жыландыру үшін қосымша табыс көзін қалыптастыру.
Шығыс Еуропадағы Болгария мен Че­хия да табысқа тікелей салық салатын ел­дер қатарында. Болгарияда лотерея мен став­­калардан түсетін табысқа орта есеп­пен 20 пайыздық жүктеме қойылса, Че­хия­да бұл көрсеткіш кей бағыттарда 30-35 пайызға дейін көтеріледі. Бұл елдер үшін ойын бизнесі – стратегиялық бюд­жет көзі. Сол себепті олар жоғары салық ар­қылы ішкі нарықты бақылауда ұстап, әлеуметтік тәуекелді азайтуға тырысады.
Ал енді салық жүктемесі ең жеңіл ел­­­дерге назар аударсақ, мүлде басқа фи­ло­софияны көреміз. Мальта – әлемдік он­лайн-ойын индустриясының «жылы ор­ны». Мұнда операторларға салынатын са­лық төмен әрі икемді, лицензия рә­сім­деу тәртібі ашық. Сол себепті көптеген ха­лықаралық компания серверін Ма­ль­тада ұстауды жөн көреді. Ұлыбританияда да жүйе тұрақты, ережелері түсінікті. Бұл ел операторларды толықтай босатпайды, бірақ салық пен реттеу арасындағы тепе-тең­дік ойластырылған.
Жеңімпаздарға салынатын салық мәселесінде әдіс-тәсілдер әртүрлі. АҚШ – ерекше феномен. Федералдық дең­гей­де кем дегенде 24 пайыз ұсталады, оған қо­са штат салығы бар. Нью-Йорк секілді штат­тарда бұл жүктеме 40 пайыздан асып кетуі мүмкін. Испания да ұтысқа салық сала­тын аз ғана Еуропа елінің бірі: 40 мың еуро­дан жоғары жүлденің үстіне арнайы мөл­шерлеме қосылады. 
Ал Ұлыбритания, Канада және Аустралия мүлде басқа ұстанымда: операторларға сал­мақ­ты салық салады, ойыншы ұтқан ақшасы­на салық салынбайды. Мемлекет өз үлесін опе­р­атордан алады, ал азаматтың жеңісі жеке табыс ретінде қарастырылмайды. Мұн­дай модель ойынға деген қоғамдық көз­қарас­ты жұмсартып, лотереяны әлеуметтік көңіл көтеру форматы ретінде көруге мүмкіндік береді.

P.S.Елімізде ойын мен лотерея бизнесін дөңгелетіп отырғандар келер жылдан бастап ҚҚС төлемейді. Депутаттар бұдан қандай да бір астар іздемеу керек екенін, жалпы, теориялық тұрғыда, қосылған құн салығы тек өнімге салынатынын айтып, түсіндірді. Яғни, бұған дейін салаға бұл салық қате салынып келген. Ал бұл саладағылардың өзі жағдайы нашар екеніне, салық пен реттеудің қатаңдығы бизнесті «тұншықтырып отырғанына» шағымданады, бұған мемлекеттік органдар да бас изеп отыр. Дегенмен саланы реттеуге лоббистер кедергі келтіріп отырғаны туралы мәселе көтеріп жүрген депутаттар да бар.

Тэгтер:

Салық кодексі казино ойын бизнесі құмар ойындар