Ақтөбедегі жанармай бекетінде атыс болды

Бүгін, 11:48 / Інжу Әлихан
Скриншот

Ақтөбедегі жанармай бекетінде атыс болып, бір адам жарақаттанды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Қарулы күдіктіні ұстау үшін қаладағы ең қарбалас көшелердің бірін толық жабуға тура келген.

Сөзге келіп қалған екі азамат жанармай бекетінің жанында  жанжалды көзбе-көз шешпек болыпты. Алайда кездесуге қарумен келген күдікті қарсыласына бірнеше мәрте оқ атқан. Аяғы мен қолы жараланған ол дәрегерлердің көмегіне жүгінді. Ал қару асынған күдіктіні ұстау үшін тәртіп сақшылары оннан аса полиция көлігін жұмылдырды. Көшенің қақ ортасында жүргізілген арнайы операция тұрғындарды алаңдатып, кейбірі абдырап, балаларын қауіпсіз жерге жетелеп әкеткен. Қазір ұсталған күдікті тергеу органдарына жеткізіліп, істің мән-жайы анықталып жатыр.

 «Полиция Ақтөбе қаласында автожанармай құю станцияларының бірінің аумағында жасалған бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Оқиға орнында жедел тергеу тобының қызметкерлері пневматика қаруды тәркіледі. Жедел іс-шарада күдіктінің жеке басы анықталды, қазір оны ұстау және сотқа дейінгі тергеу органына жеткізу жүргізіліп жатыр», - деді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.