«Қарағанды – Сұрыптау – Құлайғыр станциясы» учаскесінде жеңіл автокөлік пен жүк пойызының соқтығысу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Апат салдарынан жүргізуші мен төрт жолаушы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Audi автокөлігінің жүк пойызымен «Қарағанды – Сұрыптау – Құлайғыр станциясы» теміржол учаскесінде соқтығысу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала деректер бойынша, 35 жастағы Audi жүргізушісі тыйым салатын қызыл жарыққа қарамастан теміржол өткеліне шығып кеткен, соның салдарынан жүк пойызымен соқтығыс болды. Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде жүргізуші мен төрт жолаушы медициналық мекемелерге жеткізілді», – деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция жан-жақты тергеу жүргізіп жатыр, оның барысында оқиғаға қатысушылардың әрқайсының әрекеттеріне заң аясында баға беріледі.
«Теміржол өткелдерінен өту ережелерін бұзу — адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өрескел әрі жол берілмейтін әрекет. Барлық кінәлі тұлғалар заңға сәйкес жауапқа тартылады», — деп қорытындылады облыстық полиция департаменті.