Павлодарда Чокин көшесіндегі мейрамханада өткен Қыз Ұзату мен келесі күні ұйымдастырылған тағы бір тойдан кейін қонақтар жаппай уланып қалған. Зардап шеккендерде диарея, құсу және жоғары температура сияқты ортақ симптомдар байқалған, деп хабарлайды turkystan.kz сайты irbistv.kz-ға сілтеме жасап.
Санитарлық қызмет мамандары оқиға орнына барып, сынамалар алған. Зертханалық сараптама нәтижесінде ішек таяқшасы, сальмонелла және алтын стафилококк анықталды. Мамандардың мәліметінше, өнімдердің ластануы тамақты әзірлеу және сақтау кезінде санитариялық талаптардың бұзылуынан, сондай-ақ кір ыдыстар арқылы немесе қызметкерлер тарапынан жеке гигиена ережелерінің сақталмауынан болуы мүмкін.
Полиция 26 жастағы кәсіпкерге қатысты санитарлық ережелерді бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Тергеу бірнеше ай жүргізілгенімен, іс Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған амнистия аясында тоқтатылды.
Сонымен қатар, уланудан зардап шеккендердің материалдық және моральдық зиянды азаматтық тәртіпте өндіру құқығы сақталады.