Павлодарда мектеп оқушылары көшеде келе жатқан жеті жастағы баланы ұрып-соғып, тілін кесіп алмақ болған, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Анасының айтуынша, белгісіз балалар ұлының тілін қайшымен кішкене тіліп алған Бұл оқиға туралы әлеуметтік желіде жария етілді. Бейнеүндеуде қала тұрғыны баласы басынан кешірген жағдайды айтып берді.
«10 жасар екі ұл менің баламды жерге құлатып, біріншісі қолынан ұстап, екіншісі аяғымен басынан, денесінен тепкілеген. Кейін оның тілін қайшымен кесе бастаған. Есеңгіреген ұлым олардан қашып, подъезге жетіп үлгеріп, үйге кірді», – деді жәбірленушінің анасы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы фактінің болғанын растап, баланың жағдайымен бөлісті.
«9 желтоқсан күні сағат 14:00-де Павлодар облыстық балалар ауруханасының травматологиялық бөлімшесіне 2018 жылы туған бала жеткізілді. Алғашқы тексеру кезінде мидың шайқалуы, үстіңгі және астыңғы еріндердің жарақаты мен қанауы, сондай-ақ тілдің ұшында жарақаттар салдарынан сөйлеу қабілеті бұзылғаны анықталды», – делінген хабарламада.
Бала травматология бөлімшесінде ем алып жатыр. Жағдайы тұрақты, ауырлығы орташа деп бағалануда. Қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіледі.
Балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Сәуле Шәкенева да жағдайды бақылауда ұстап отыр. Оның сөзінше, аурухана психологы ұлмен жұмыс жасауда. Күдіктілерді анықтау бойынша іздестіру іс-шаралары жалғасуда.
Облыстық полиция кәмелетке толмағанға қасақана жеңіл дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаға қатысы бар кәмелетке толмағандарды анықтау және оларды ұстауға бағытталған қажетті шаралар жүргізілуде.
Қылмыстық іс аясында олардың заңды өкілдерінің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың мінез-құлқы олардың құқықтарын қорғау жөніндегі және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияда қаралып, есепке қою мәселесі шешіледі.
Оқиғаның мән-жайлары мен себептері тергеу барысында анықталатын болады.