Әскерге шақырылған сарбаздарды медициналық тексеруден өткізу үшін 43,5 млн теңге артық төленген

Бүгін, 16:42 / Алуа Арман
istockphoto.com

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты әскерге шақырылған сарбаздарды медициналық тексеруден өткізу үшін артық төленген қаражатты қайтаруды міндеттеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мобилизациялық дайындық пен мобилизацияны қамтамасыз ету қызметі Семей қаласындағы қалалық емханадан мемлекеттік қаражатты қайтару туралы талап арыз берген.

Тараптар арасында 2023 және 2024 жылдарға әскерге шақырылушыларды медициналық тексеруден өткізу қызметтерін мемлекеттік сатып алу туралы жалпы сомасы 99 млн теңгеден астам шарттар жасалған.

Шығыс өңірінің Әскери прокуратурасы жүргізген тексеру барысында аталған шарттар бойынша артық төлем фактілері анықталды. Ұсынылған деректерге сәйкес, медициналық тексеруден өткен әскерге шақырылушылардың нақты саны техникалық ерекшеліктерде көзделген көлемнен аз болған.

Емхана қарсы талап беріп, көрсетілетін қызметтердің көлеміне қатысты шарттардың кейбір талаптарын жарамсыз деп тануды сұрады. Өз дәлелінде емхана әскерге шақырылушылардың саны қате көрсетілгенін, ал 4300 және 2200 адам көлемін көрсету мәміле шындығында жалған болғанын алға тартты.

Сот іс материалдарын зерттей келе, орындалған жұмыстар актілерінің шартта көзделген көлемнен артық сомаға төленгенін анықтады. Сонымен қатар, көрсетілген сандық көрсеткіштердің техникалық ерекшеліктерге әдейі орындалмайтындай етіп енгізілгені туралы дәлелдер ұсынылмаған.

Сот артық төленген қаражатты негізсіз алынған табыс деп танып, оны мемлекет кірісіне қайтару қажет деген қорытындыға келді.

Жауапкердің мәміленің жалған екендігі жөніндегі уәждері сотпен негізсіз деп танылды, өйткені шарттар тараптармен екі жыл қатарынан жасалып, орындалған.

Сот шешімімен талап қанағаттандырылды, емханадан мемлекет кірісіне 43,5 млн теңге артық төленген қаражат өндіру шешілді.

Сондай-ақ жауапкерден мемлекеттік баж өндіру белгіленді.

Емхананың мемлекеттік сатып алу шарттарын жарамсыз деп тану туралы қарсы талабы қанағаттандырылмады.

Сот шешімі заңды күшіне енді

Тэгтер:

Абай облысы Емхана сарбаз