Мәжіліс депутаты Үнзіла Шапақ Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдап, балабақшалардағы балалар тамағына бөлінетін қаржының қазіргі нарық жағдайына мүлде сәйкес келмейтінін айтты. Депутаттың айтуынша, азық-түлік бағасының жедел қымбаттауы мектепке дейінгі ұйымдардың тұрақты жұмысына қауіп төндіріп отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сауалда келтірілген деректерге сәйкес, 2025 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 11%-ға өскен. Жекелеген өнімдер бойынша өсім одан да жоғары: өсімдік майы – 15,9%, ет өнімдері, әсіресе сиыр еті – 30,2%, сүт өнімдері – 9,2%, нан мен жарма – 5,2%. Бұған қоса, жанармай бағасының 14,3%-ға қымбаттауы логистикалық шығындарды арттырып, азық-түлік жеткізушілердің бағаны бұрынғы деңгейде ұстап тұру мүмкіндігін шектеген.
Депутат Астана қаласы әкімдігінің қолданыстағы қаулысына да тоқталады. Қазіргі таңда ата-аналардың бір бала үшін ай сайын төлейтін жарнасы – 20 800 теңге, ал мемлекет тарапынан әр балаға 56 327 теңге бөлінеді. Орта есеппен 295 бала тәрбиеленетін бір балабақшаға ай сайын бөлінетін мемлекеттік қаржы 16,6 млн теңгеден асады. Алайда бұл қаражаттың басым бөлігі қызметкерлердің жалақысына, салықтарға, коммуналдық және өзге де шығындарға жұмсалып, тікелей балалардың тамақтануына жетпей отыр. Ата-аналардың төлемін бір күнге шаққанда шамамен 990 теңге ғана шығады, бұл күніне төрт мезгіл тамақтандыруға жеткіліксіз.
Үнзіла Шапақ жеткізушілердің 2026 жылға келісімшарттарды бұрынғы бағамен ұзартудан бас тартып отырғанын да атап өтті. Себеп – шикізат құнының, тасымал шығындарының, салық пен персоналға кететін шығыстардың өсуі. Осы үрдіс жалғаса берсе, 2026 жылдың қаңтар айында бірқатар балабақша азық-түлік жеткізушісіз қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда балаларды Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тамақтандыру стандарттарына сай қамтамасыз ету қиындайды.
Депутат бұл жағдай балалардың денсаулығына, мектепке дейінгі ұйымдардың үздіксіз жұмысына және ата-аналар арасындағы әлеуметтік шиеленіске тікелей әсер ететінін айтып, Үкіметтен жедел әрі жүйелі шешімдер қабылдауды сұрады. Атап айтқанда, балабақшалардағы тамақтандыру құнын нарықтық бағаға сәйкестендіру, ата-аналардың әлеуметтік жағдайын ескере отырып мемлекеттік қолдау тетіктерін қарастыру, азық-түлік жеткізушілермен ұзақмерзімді келісімшарттар енгізу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша қосымша шаралар қабылдау және 2026 жылға арналған инфляция болжамдарын ескере отырып ведомствоаралық үйлесімді жұмысты қамтамасыз ету ұсынылды.
Депутаттың пікірінше, бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайды, өйткені сөз тек қаржы туралы емес, мыңдаған баланың денсаулығы мен ата-аналардың әлеуметтік тыныштығы туралы болып отыр.