Арамызда ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қызметі арқылы түрлі салада адалдықтың, кәсібиліктің және еңбек абыройының айқын үлгісі болып жүрген әулеттер жетерлік. Бір ғана ішкі істер органдарында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қызметін бірнеше буын бойы атқарып келе жатқан 100-ден астам әулеттің өкілдері бар. Солардың бірі – Жамбыл облысындағы Зайнуллиндер әулеті. Сонау 70-жылдардан бері тәртіп сақшысын жай жұмыс емес, өмірлік мұрат деп қабылдап, бірнеше буынды бұл іске баулыған. Turkystan.kz сайтының тілшісі осы әулеттің өкілі – Ильнур Зайнуллинмен аз-кем әңгімелескен-тін.
Форма киген әкемді үлгі тұттым
«Әкем Зайнуллин Тахир Халилұлы 1946 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Өмір бойы ішкі істер органдарында жұмыс істеді. Еңбек жолын сол кездегі Жамбыл қаласының Ішкі істер басқармасының жол инспекторы қызметінен бастап, түрлі қызмет атқарды. 1998 жылы майор шенімен зейнетке шықты. Ішкі істер министрлігінің көптеген марапатын иеленді. «Ішкі істер органдарындағы үздік қызметі үшін» медалімен, «Кеңес милициясының үздігі» төсбелгісімен наградталды. ҚР ІІО құрметті ардагері. Отбасында үш ағайындымыз. Ағам мен қарындасым бар. Ағам Наиль Зайнуллин 25 жыл ішкі істер саласында әртүрлі қызметте істеді. Майор шенімен зейнетке шықты. Бокстан спорт шеберлігіне үміткер. Өзім ішкі істер органдарына 1994 жылы жұмысқа тұрдым. 2023 жылы полковник шенімен зейнетке шықтым. Ал қазір ұлым Рамиль жедел қимылдайтын арнайы жасақта еңбек етіп жүр. Шені – майор», – дейді кейіпкеріміз.
Құқық қорғау органдарында бір емес, бірнеше буын еңбек ететін отбасыларда патриотизм, қызметтік борыш, адалдық ұғымдары құр сөз емес, өмірлік ұстанымға айналады. Дәл осындай әулетте өскен балалар қызметке деген құрмет, міндетін адал атқару қасиетін бала күнінен бойына сіңіріп өседі. Зайнуллиндер отбасында да сондай.
«Ағам екеуміз Тараздағы Қайнар институтын тәмамдадық. Бұл – менің екінші мамандығым. Бірінші мамандығым педагог болатын. Бірақ мен бала күнімнен полицей болуды армандадым. Сол үшін де әскерге барып келдім. Біздің жас кезімізде әскерге бармасаң, полиция қатарына алмайтын. Маған полицейдің формасы ұнайтын. Себебі есімді білгелі көргенім – сол форма болды. Әкем қыстың ақшұнақ аязы мен жаздың аптап ыстығында күн-түн қызметте жүретін. Дастарқан басында жұмысының қыр-сырын айтып отыратын. Сол әңгімелер құлақта жатталып қалды. Форма киген әкемді үлгі тұттым. Оған қоса, ерлік пен батырлық дәріптелетін фильмдерді көріп өстік. Соның бәрі бойға сіңді. Әкеміз «Менің жолыммен жүріңдер» деген талап қойған жоқ. Тек мұның жеңіл жұмыс емес, ауыр мамандық екенін ескертті. Полиция қатарына бірінші ағам қадам басты. Іле-шала мен де қосылдым. Ұлымды да мен қыстаған жоқпын. Өзінің жүрек қалауымен осы жолды таңдады. Ол да атасының, әкесінің, ағасының – үшеуміздің үстел басындағы әңгімемізді тыңдап өскен бала. Кезінде әкем маған бұл жолдың жеңіл болмайтынын қалай ескертсе, мен де ұлыма соның бәрін түсіндірдім. Ұлым сонда да осы саланы таңдады. Емтиханның бәрінен өзі өтті. Жүзу мен атудан спорт шеберлігіне үміткер. Ұлым қазір 31 жаста. Органда істеп жүргеніне он жылдан асты», – дейді зейнеттегі полковник.
Ильнур Тахирұлының пікірінше, мамандық адамның тұлға болып қалыптасуына, өмір салтына қатты әсер етеді. Біз одан полицейлер отбасындағы тәртіп қандай екенін сұрадық.
«Біз жұмыста ғана тәртіп сақшыларымыз. Ал үйде кәдімгі ел қатарлы отбасымыз. Үлкенді сыйлаймыз. Әулетіміздің үлкені – әкем болғандықтан, ол кісінің сөзі біз үшін – заң. Үйде соңғы сөзді сол кісі айтады. Қандай үлкен істе болсын, әкемізбен кеңесеміз. Келесі жылы 80 жасқа толады. Әлі де тың, қуатты. Жұбайым – педагог, қызым – заң институтының түлегі. Заңның бәрін жатқа білу мүмкін емес, бірақ заң бұзуға болмайтыны, өзіңді қалай ұстау керектігі туралы негізгі заңдарды отбасымызбен білеміз, ұстанамыз. Қаласаң да, қаламасаң да, мамандығың өміріңде із қалдырады ғой. Мамандығымыз бізге де әсер етті. Бірінші адамгершілікті, екінші заңды ұстанамыз. Әр отбасында осылай болуы керек деп ойлаймын. Немерелерім де осы жолды таңдаймыз десе, әрине қуанамыз. Қолдап, қуаттайтын боламыз», – дейді ол.
Ең ауыр тиген оқиға – Ғазиз Байтасовтың өлімі
Ильнур Тахирұлы бүгінде тәлімгер қызметін атқарады. Ішкі істер қызметкерлеріне жол көрсетіп, жөн сілтеп, жас буынды тәрбиелеуге ат салысып жүр.
«Кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінен келіп түскен ұсыныстар да болды. Прокуратура сияқты басқа органдарға да баруға болатын еді. Бірақ мен өзімді ішкі істер органдарынан басқа жерде көре алмадым. Ішкі істер министрлігі зейнетке шыққан бұрынғы қызметкерлерден тәлімгерлер кеңесін құрған. Мен қазір Жамбыл облыстық Полиция департаментінің тәлімгерлер кеңесінің мүшесімін. Жастарға білгенімізді айтып, тәжірибемізді бөлісіп, жұмыстарында бағыт-бағдар беріп отырамыз. Қазір ішкі істер органдарында жұмыс істеу өте қиын. Бұрын әкеміздің кезінде полицейлерге құрмет ерекше болған. Қазір керісінше. Сырттан сынағанға бәрі жеңіл. Сынайтындар бұл жұмыстың ішінде жүрмегеннен кейін, ауыртпалығын көрмеген соң, байыбына жетіп түсінбейді. Қызметтегі ең қиын сәт – әріптестеріңді жоғалту. Маған да еңбек жолымда ең ауыр тиген оқиға – Ғазиз Байтасовтың өлімі болды. Мен өмір бойы жеке құраммен жұмыс істедім. Бұл менің негізгі жұмысым болды. Жеке құрамды тәрбиелеу ісімен айналыстым. Сол себепті жеке құрамдағы әр қызметкерді танитынмын. Ғазизді де жақсы білетін едім. 2011 жылы Тараз қаласында қауіпті қылмыскерді ұстаймын деп қайтыс болды. Қылмыскердің қолындағы гранатаны көпшілік жерде халыққа қарай лақтыруға жол бермей, өз денесімен жауып қалды. «Қазақстанның Халық қаһарманы» атағын алған бірінші полицей. Полиция капитаны. Қызметімдегі ең ауыр естеліктің бірі осы болды», – дейді ол.