Маңғыстау облыстық мүгедектер спорт клубының суға жүзу жаттықтырушысы Қуаныш Асқар Дубай қаласында өткен ашық суда жүзуден әлем чемпионатында топ жарды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жарыс 2-7 желтоқсан күндері ұйымдастырылып, оған шамамен 2 500 спортшы қатысты. Ал, Қазақстаннан 360 спортшы қатысты. Чемпионаттың басты ерекшелігі – мүмкіндігі шектеулі спортшылар үшін жеке категория қарастырылмаған. Барлық қатысушыларға бірдей уақыт лимиті қойылды.
Қуаныш Асқар – кәсіби жаттықтырушы ғана емес, халықаралық деңгейдегі күрделі қашықтықтарды тұрақты түрде бағындырып жүрген спортшы. Бір қолының жоқтығына қарамастан, ол жоғары дайындық пен қайсар мінезінің арқасында сайыста мықты нәтиже көрсетті.
Спортшы жарыстың күрделі шарттарына да тоқталды. Оның айтуынша, теңіз суының қатты ащылығы көзге тисе ашытып, ауызға түскенде күйдірген. Алайда бұл факторлар жігерін жасыта алмаған.
Бұл жарыста ешкімді мүмкіндігіне қарап бөлмеді. Барлығы бірдей талаппен сынға түсті. Үш ай бойы үздіксіз дайындалып, нәтижесінде алғашқы орынды иелендім. 10 шақырымда мүмкіндігі шектеулі спортшы ретінде жалғыз өзім қатысу – мен үшін үлкен мақтаныш, - деді Қуаныш Асқар.
Айта кетейік, биыл тамыз айында Ақтау қаласында өткен «Oceanman» ашық теңіз жарысында Қуаныш Асқар 10 шақырым қашықтықты 3 сағат 31 минутта жүзіп өтіп, Дубайдағы әлем чемпионатына жолдама алған болатын. Ал финалдық додада дәл осы қашықтықты 3 сағат 23 минутта бағындырып, қарсыластарын айқын басып озды.