Маңғыстауда жастар арасында ерекше сурет байқауы өтті

Бүгін, 09:53 / Інжу Әлихан

Маңғыстау облысында жастарға арналған «Таңдау: Өмір ме, өкініш пе?» атты көркемсурет байқауы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Жастар Рухы» ЖҚ ұйымдастырған шараға 40-тан астам оқушы мен студент қатысып, өз туындыларында жарқын болашақ пен адастырар жолдың айырмасын көркем тілмен, образды түрде бейнеледі.

Байқаудың басты мақсаты – жастардың шығармашылығы арқылы «өмір – бір-ақ мүмкіндік» екенін көрсету, сондай-ақ әр адамның болашағы өз таңдауларының нәтижесіне тікелей байланысты екенін түсіндіру.

Көрерменнің көңілінен шығып, үздік атанғандар Гүлмаржан Ысқақ, Мадина Байғали және Маңғыстау энергетикалық колледжінің ЭҚ-1/25 тобы болды. Сонымен қатар қазылар алқасының ерекше ықыласына бөленген төрт үздік суретшіге арнайы сыйлықтар табысталды.

Іс-шараны 750-ге жуық көрермен тамашалап, жас суретшілердің ой-тұжырымын, талғамын және шеберлігін жоғары бағалады. Сондай-ақ кеште «Қадам» театрының жетекшісі Гүлмайса Шаңбаева бастаған әуесқой әртістері көрермендерге тәрбиелік мәні зор «Ананың ақ сүті» атты драмалық қойылымды ұсынды.

Қойылымда ата-анаға ізет көрсету, отбасы құндылықтарын дәріптеу, жас буынның дұрыс бағыт таңдай алуы және қоғамда кездесетін кері ықпалдардан сақтану мәселелері көркем түрде өрнектелді. Оқиға желісі көрерменді терең ойға жетелеп, аналық мейірімнің өмірдегі ерекше орнын айқын көрсетті.