Қостанай облысында мал шаруашылығы саласында 15 жаңа жоба іске қосылады

Бүгін, 17:21 / Інжу Әлихан
АШМ

Мал шаруашылығының негізгі бағыттарын — сүт және ет өндірісін, қой, құс шаруашылықтарын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді қамтитын жобалардың құны 27,4 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ең маңызды бастамалардың қатарында, 5 мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңдарын салу, бройлер өнімдерінің өндірісін арттыруды қамтамасыз ететін құс фабрикаларын жаңғырту, сондай-ақ шошқа кешендерінің қуатын кеңейту бар.

Қостанай облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедовтың айтуынша, мал шаруашылығы саласының негізгі қозғаушы күші — шаруашылықтарды жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу және мемлекеттік қолдаудың елеулі шаралары деуге болады.

«2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша өңірдегі ауыл шаруашылығы жануарларының саны артты. Он айда 53,4 мың тонна ет, 205,7 мың тонна сүт және 319 млн дана жұмыртқа өндірілді. Әсіресе сүт өндірісі 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,4%-ға артты», — деді басқарма басшысы.

Бүгінде облыста 17 ірі сүт-тауарлы фермасы жұмыс істейді. Етті мал, жылқы, қой, шошқа шаруашылықтары және құс шаруашылығы қарқынды дамуда.

Жалпы саны 38 мың басқа есептелген бордақылау алаңдары нарықты сапалы ет өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етіп отыр.

Қостанай облысының экспорттық әлеуеті де нығайып келеді: жыл басынан бері шетелдік серіктестерге 2,3 мың тоннадан астам ет өнімдері жөнелтілді. Халықаралық сапа стандарттарын сақтау және экспорттық аумақтың кеңеюі қазақстандық сиыр және қой етіне сұраныстың артуына ықпал етіп отыр.

Соңғы екі жылда өңірдің мал шаруашылығына 20 млрд теңге инвестиция құйылды. Бұл қаражат бес жаңа сүт-тауарлы фермасын салуға мүмкіндік берді, нәтижесінде жылдық сүт өндірісінің жалпы көлемі 40 мың тоннаға ұлғайып, өңдеу бағытына тың серпін берді.