3 жасар қыздың өлімінен кейін 622 стоматология тексеріліп жатыр – министр

Бүгін, 16:40 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Бас прокуратураның талабы бойынша еліміздегі 622 тіс емханасына қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның сөзінше, 290 тексеру тіркелді, 135-і аяқталды, 103 – жұмыс барысында, 52 – тіркеуден алынған (клиникалар іс жүзінде жұмыс істемейді), 26 – тіркеу сатысында.

Өңірлердің прокуратурасы жіберген 316 нысанның ішінде 34 клиника МӘМС/ТМККК шеңберінде қызмет көрсетеді, 282 тек ақылы негізде жұмыс істейді.

«Соңғы уақытта жекеменшік стоматологиялық клиникаларда балаларға жалпы наркозбен бірнеше тісті бір мезетте емдеуге қатысты арыздар жиілеп жатыр. Балаларды жалпы анестезиямен емдеу – қатаң медициналық көрсетілімдер бойынша ғана жүргізілуі тиіс күрделі медициналық емшара. Клиника жекеменшік болсын немесе мемлекеттік болсын мұндай манипуляциялар үшін білікті анестезиологтың қатысуы, тиісті жабдықтардың болуы, анестезиологиялық және реаниматологиялық көмек стандарттарын сақтау талап етіледі», - деді ведомство басшысы.

Министр жалпы анестезия ерекше сақтықты талап ететін күрделі емдеу шарасы екенін атап өтті.

Айта кетейік, Астанада жеке клиникада бірден 18 тісін емдеткеннен кейін 3 жастағы қыз қайтыс болған болатын.