7,3 млн адамның дерегін ұрлаған 17 жастағы оқушы ұсталды

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Токио полициясы Kaikatsu Club интернет-кафелер желісіне кибершабуыл жасады деген күдікпен 17 жастағы оқушыны ұстады. Тергеу материалдарына сәйкес, ол ChatGPT көмегімен өзіне бағдарлама жаздырып, Kaikatsu Frontier компаниясының серверіне рұқсатсыз қол жеткізген, деп хабарлайды turkystan.kz japantimes.co.jp-ға сілтеме жасап.

Тергеу деректері бойынша, жасөспірім 18-20 қаңтар аралығында жүйеге бірнеше рет жалған командалар жіберіп, шамамен 7,25 млн мүшенің жеке ақпаратын жүктеген. Бұл әрекет қосымшаның жұмысын уақытша тоқтатып, компанияның қызметіне кедергі келтірген.

Компания, Aoki Holdings қаңтар айында 7,29 млн клиент дерегі ықтимал компрометацияға ұшырағанын хабарлаған. Дегенмен полиция әзірге ұрланған ақпараттың қара нарықта таралғанына дәлел тапқан жоқ.

Оқушының киберқауіпсіздік саласында қабілетті, тіпті жарыстарда жүлде алғаны хабарланды. Бұған дейін ол бөтен адамның банк картасымен Pokémon карталарын сатып алғаны үшін қарашада ұсталған.

Полиция жасөспірімге «рұқсатсыз компьютерлік қолжеткізу» және «бизнестің жұмысына кедергі келтіру» баптары бойынша айып тағып отыр.

Тэгтер:

қылмыс оқушы киберқылмыс