Сарысу аудандық соты басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн көрінеу жалған мәліметтерді көпшiлiк алдында тарату фактісі бойынша азамат Е.-ға қатысты істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сот Е.-нің өзінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында Т. есімді адаммен хат алмасудың скриншоттарын жариялағанын, онда аурухана әкімшілігіне, оның ішінде бас дәрігер К.-ға қатысты жала жабу сипатындағы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер қамтылғанын анықтады. Жариялауда аурухана қызметкерлерінің іс-әрекеттерін теріс көрсетуге бағытталған мәлімдемелер, сондай-ақ медициналық ұйымның қызметіне байланысты негізсіз айыптаулар орын алған.
Құқық бұзушы Е. кінәсін мойындамай, теріс мәлімдемелер оған тиесілі емес екенін түсіндірді, бірақ ол хат алмасудың скриншоттарын жариялау фактісін растады.
Жәбірленуші – аудандық аурухананың бас дәрігері К. Е.-нің іс-әрекеті оның іскерлік беделіне, абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтіргенін түсіндіріп, оған заңға сәйкес жаза тағайындауды сұрады.
Сот, 6 кәмелетке толмаған баланың болуын ескере отырып, айыппұл мөлшерін 30%-ға азайтты.
Сот қаулысымен Е. ӘҚБтК 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 495 мың теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл тағайындалды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.