ІІМ Ұлттық ұланының 6655 әскери бөлімінде Түркістан облысы Сарыағаш өңірінің тумалары 20 жастағы егіздер – Аман мен Есен Нартановтар қызмет етіп жүр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Нартановтар отбасы көпбалалы, ал Аман мен Есен – алты баланың тұңғыштары. Бір үйдің тірегі саналатын егіздер 2024 жылдың екінші шақырылымымен әскери қызметке аттанып, бүгінде атқыштар ротасында абыроймен борыштарын өтеп жүр.
Аман – білімге құштар, бос уақытын кітап оқуға арнаған зерек сарбаз. Ал Есен – спортқа бейім, күрес түрлеріне қызығушылық танытатын шыныққан жас. Екеуі де жауапкершілігі жоғары, сабырлы, салмақты және жігерлі мінездерімен ерекшеленеді.
Қызмет барысында егіздер қырағылық пен тәртіп үлгісін көрсетіп келеді. Әскери өмір оларды шыңдап, жаңа мақсаттарға жетеледі.
«Ұлттық ұлан сапында қызмет ету – әрбір жігіттің парызы деп білеміз. Біз үшін бұл – үлкен абырой. Әскери өмір бізге тәртіптілік пен жауапкершілікті үйретті», – дейді қатардағы Аман Нартанов.
Ал оның егіз бауыры Есен өз ойын былай түйіндеді:
«Мақсатымыз – осы жерде алған тәлім мен тәртіпті азаматтық өмірде де жалғастырып, елге пайдалы болу. Ұлттық ұлан қатарында жүргенімізді мақтан тұтамыз», – деді ол.
Болашақта Аман мен Есен ел игілігіне еңбек етіп, халыққа қызмет етуді мақсат етіп отыр. Егіз сарбаздардың жігері мен патриоттық рухы қатарластарына үлгі болары анық.