Әнші Мұрат Қожа танымал «Жаулап алды махаббат» әнінің шығу тарихын алғаш рет айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Qazaqstan ұлттық арнасындағы «Бәрекелді» бағдарламасына қонақ болған өнер иесі көпшіліктің сүйікті әні қалай дүниеге келгенін бөлісті.
Бағдарлама жүргізушісі «неге бұл әнді Бейбіт Қорғанның өзі орындамады?» деп сұрағанда, Мұрат Қожа әзілдеп, «тартып алғанбыз» деп күлдірді. Алайда кейін әннің шын тарихын баяндады.
Оның айтуынша, Бейбіт Қорған студент кезде жатақхананың дәлізінде гитарамен осы әнді жиі орындайтын. Курстастары жиналып, Бейбіттің ерекше орындауын тыңдап жүретін.
Кейін продюсерлер Мұрат Қожа мен Нұрланға рэп бағытында жұмыс істеуді ұсынғанда, олардың ойына дәл осы әуен қайта түскен.
«Продюсерлер әнді тыңдаған бойда бірден ұнатып, ‘алайық’ деді. Біз Бейбітпен келісіп, әнді ресми түрде алдық. Осылайша композиция біздің орындауымызбен жарыққа шықты», — деді Мұрат Қожа.