Алматыда екі ғимарат пен бірнеше көлік өртке оранды

Бүгін, 17:39 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

 Алматының Медеу ауданындағы «Геолог» бағбандық серіктестігінің аумағында өрт шықты. Қазіргі уақытта қаланың өрт сөндіру қызметі қызыл жалынды сөндіріп жатыр.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер екі ғимараттың, үш жеңіл автокөліктің және құрылыс қалдықтарының өртеніп жатқанын анықтаған. Қызметкерлер дереу өрт сөндіру станоктарын пайдаланып, жалынды ауыздықтауға кіріскен.

— Өрттің әрі қарай таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті шара қабылданды. Су үздіксіз жеткізілуі үшін қызметтердің өзара әрекеттестігі ұйымдастырылған, - делінген хабарламада.

ТЖМ күштері өртті оқшаулап үлгерді. Қазіргі уақытта өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Оқиға орнында 1949 жылы туған ер адам медициналық көмекке жүгінді. Оны жедел медициналық жәрдем бригадасы қарап шыққаннан кейін №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізді.