5 желтоқсан күні сағат шамамен 14:21-де Екатеринбург – Алматы автожолының 1300-шақырымында жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, Астана бағытына қарай келе жатқан DAF маркалы жүк көлігінің жүргізушісі көктайғақтың салдарынан рөлге ие бола алмай, жол жиегіндегі темір қоршауға соғылған.
Жүк көлігінің артынан келе жатқан Chevrolet Cobalt және Toyota Highlander көліктерінің жүргізушілері де рөлге ие бола алмай, жүк көлігімен соқтығысты. Апат салдарынан жеңіл көліктердің екі жолаушысы жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді.
Біраз уақыттан кейін Kia K5 автокөлігінің жүргізушісі де оқиға орнына жақындағанда тежемек болып, рөлге ие бола алмай, жол қоршауына соғылған. Абырой болғанда, бұл жағдайда ешкім зардап шеккен жоқ. Тексеру аяқталғаннан кейін кінәлі тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданады.
“Полиция қызметкерлері көктайғақ кезінде жолдарда барынша сақ болу қажеттігін еске салады. Бірқатар трассаларда жылдамдықты шектеу енгізілген, сондықтан жүргізушілерден 112 қызметінің хабарламаларын мұқият бақылап, жол жағдайын ескеруді сұрайды”, – делінген Ақмола облысы ПД хабарламасында.