«Халыққа қызмет ету – бәрінен маңызды» – «Алтын сапа» сыйлығының иегері

Бүгін, 17:22 / Ақбота Әбілтай

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттады. Мемлекет басшысы Ел Президенті ретінде кәсіпкерлерге, марапаттау рәсіміне жиналған бизнес қоғамдастықтың өкілдеріне шынайы құрметпен қарайтынын айрықша атап өтті. «Алтын сапа» сыйлығында жеңімпаз атанған Қызылордадағы «Марал – Нұр» ЖШС құрылтайшысы Мұрат Нұрсейіт Президенттің кәсіпкерлерге қолдау білдіргеніне дән риза екенін айтып жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Бүгін Астанада өткен «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өте жоғары деңгейде өтті. Мемлекет басшысы өз сөзінде кәсіпкерлерге демеу беріп, айрықша рухтандырды. Керемет әсер алдық. Кәсіпкерлердің еңбегін елеп-ескеріп, жыл сайын марапат беріп, көтермелейтіні көңіл қуантады. Бұл марапат биыл бізге де бұйырған екен. Бейнеттің зейнеті деп жорыдық. Еңбектің еленіп жатқанына бәрі де қуанады ғой. Сол секілді біз де маңдай тер, табан еңбегіміздің жемісін көріп жатқанымызға қуаныштымыз. «Марал – Нұр» ЖШС 2005 жылдан бері теміржол саласында қызмет көрсетіп келеді. Қызылорда – Павлодар, Жезқазған – Астана, Қарағанды – Қаражал бағытында жолаушы тасымалдаймыз. Жолаушылардың жағдайын жасауға, сапалы қызмет көрсетуге бар күш-жігерімізді салып келеміз. Вагондардың сапасы, таза болғаны, халыққа қызмет қылғаны біз үшін – үлкен мәртебе. Халыққа қызметімізді әлі де арттыра түссек деген ниетіміз бар. Болашақта жолаушылар тасымалдайтын вагондар құрастырсақ деген жоспарымыз бар. «Марал – Нұр» мекемесі мықты тасымалдаушылардың қатарында болуы үшін барымызды саламыз. Кәсіпкерлерді қолдап, демеу жасап жатқан мемлекетке де дән ризамыз», – дейді кәсіпкер.

Тэгтер:

«Алтын сапа» сыйлығы халыққа қызмет