Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттады. Мемлекет басшысы өз сөзінде марапаттау рәсіміне келген әр кәсіпкердің жетістігі ел мерейінің айқын көрінісі екенін атап өтіп, сапалы өнім өндіріп, экономиканы дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосып жүрген кәсіпкерлерге алғысын жеткізді. «Қазақстанның үздік тауары» сайысында жеңімпаз атанған Ақмола облысындағы «Азияфильтр» ЖШС-нің құрылтайшысы, кәсіпкер Индира Нұрлан марапаттау рәсімінен кейінгі әсерін жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Бүгін – компаниямыз үшін атаулы күн. Себебі біз бұл марапттауға 3 жыл қатарынан дайындалдық. Екі жыл қатарынан облыстық деңгейде жеңімпаз атандық. Үшінші жылы республикалық деңгейде осындай дәрежені алу – біз үшін үлкен мақтаныш. Бойымды мақтаныш сезімі кернеп тұр. Тек мен ғана емес, барлық әріптесім қуанып жатыр. Барлығы туған-туыстарына, таныстарына «Міне, мен осы компанияда жұмыс істеймін» деп хабарлама жіберіп, қуанышын бөлісіп жатыр.
Біз үшін үлкен – мәртебе. Сондай-ақ бұл жүлде – біз үшін біздің еңбегіміздің мойындалуы және үлкен жауапкершілік», – дейді кәсіпкер.
«Азияфильтр» – Қазақстан нарығында 15 жылдай жұмыс істеп келе жатқан компания. Индира Нұрланның айтуынша, бұл – жаңа кезеңнің, жаңа дамудың тағы бір үлкен белесі.
«Өйткені Президенттің бүгінгі айтқан сөзінде бізге артқан үміті орасан зор екенін аңғаруға болады. Жеткен межемізде тоқатап қалмай, әрмен қарай да ілгерілеуге стимул алдық.
Біз Ақмола облысына қарасты Бурабай ауданы Щучинск қаласынанбыз. Бар мақсатымыз – өз өңірімізді дамыту. Біз ауаны зиянды қалдықтардан тазалайтын өндірістік фильтрлер шығарамыз. Фильтрлеріміз еліміздің барлық кәсіпорнына, өндірістік компанияларда қолданылады.
Бұл марапатты иеленгенімізге тек компаниямыз үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін қуаныштымын. Себебі біз даңғыл жолдан өттік. Кәсіпкерлік пен бизнестің дамытамыз деп «ұзақ» жол жүрдік. Бұдан 10 жыл бұрын алдымызда талай есік жабық болатын. Себебі біз еуропалық және ресейлік компаниялармен бәсекеге түсетінбіз. Ал бүгін бізде даму үшін үлкен серпін бар, мемлекет тарапынан қолдау бар. Бұл қолдау бізге алға жылжуға мүмкіндік беріп, жаңа есіктер ашады. Бүгінде мемлекет ашық түрде «Сіздер – экономиканың негізгі қозғаушы күші, катализаторысыздар. Дами түсіңіздер, дүкен сөрелерінде қазақстандық өнімдер көп болуы керек» деп қолдап, қолпаштап жатыр. Сондықтан мен өз еліммен мақтанамын және ары қарай дами беруге талпынамын», – дейді Индира Нұрлан.