Теңгенің нығаюына не әсер етті? – Ұлттық банк түсіндірмесі

Бүгін, 16:19 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қазан айынан бастап теңгенің долларға шаққандағы айырбастау бағамы 499-500 теңге деңгейіне дейін (9%-ға) нығайды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 60 АҚШ долларынан жоғары деңгейде тұрақты сақталып тұр. Сонымен қатар АҚШ Федералды резерв жүйесінің мөлшерлемені төмендету циклі жаһандық доллар индексінің 8,3%-ға әлсіреуіне және жыл басынан бері дамушы нарықтардағы валюталар индексінің 8,3%-ға нығаюына ықпал етті. Осы жағдайлардың аясында дамушы елдердің активтеріне, соның ішінде Қазақстан нарығына деген халықаралық инвесторлардың қызығушылығы жоғары деңгейде сақталып отыр.

Қазан айының басынан қараша айының соңына дейінгі кезеңде бейрезиденттердің ҚР Мемлекеттік бағалы қағаздарына (МБҚ) салған портфельдік инвестициялары 1,1 млрд АҚШ долларына ұлғайып, тарихи максимум саналатын 3,6 млрд АҚШ долларына жетті. Жыл басынан бері өсім 1,5 млрд АҚШ долларын құрады.

Шетелдік инвесторлар тарапынан шетел валютасының өспелі ұсынысы теңгенің нығаюына тікелей фактор болды. Сыртқы қолайлы ахуал да қосымша қолдау көрсетті.

Осылайша, айырбастау бағамының қазіргі динамикасы экономикалық саясаттың сапасы жақсарғанын және мейілінше болжамды макроорта қалыптасқанын көрсетеді (ақша-кредит және салық-бюджет саясатының үйлестірілуі), соның нәтижесінде жаһандық инвесторлар Қазақстанды оң бағалап, елге портфельдік инвестициялардың келуіне жол ашты.

Тэгтер:

Доллар Ұлттық банк теңге бағам