Биыл ауыл шаруашылығына 1 триллион теңге бөлінді – Президент

5 желтоқсан, 2025 / Алуа Арман
Ақорда

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. Онда Президент ауыл шаруашылығы өнімдерімен, халық күнделікті тұтынатын тауарлармен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілмей келе жатқанына, Үкіметтің алдында сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету міндеті тұрғанына тоқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Соңғы жылдары бәсекелестіктегі артықшылықтарымызды толық ашуға, экономикалық өсімнің тың мүмкіндіктерін табуға, инвестиция тартуға және кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыруға бағыт алдық. Үкіметтің алдында сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету міндеті тұр.

Жолдауда инфляцияның шарықтауына жол беруге болмайтынын айттым. Өйткені инфляция азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық шешім мен әрекетті жоққа шығарады. Бұл орайда өте қатаң бюджет тәртібін орнатпаса болмайды. Қаржы тек ішкі жалпы өнімнің өсуіне, Қазақстанның әлемдік аренада лайықты орнын алуына ықпал ететін басым жобалар мен бағдарламаларға ғана жұмсалуға тиіс.

Ауыл шаруашылығы өнімдерімен, халық күнделікті тұтынатын тауарлармен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілмей келеді.

Импорт өте көп. Ол көзге анық көрініп тұр. Бірқатар тауар номенклатурасы бойынша сырттан келетін өнімге тым тәуелдіміз. Қазақстанда бұған жол беруге болмайды. Оның үстіне биыл мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына 1 триллион теңге қолдау жасалды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал еліміз шығаратын өнім көлемі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 8,5 триллион теңгеге бағаланды», - деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге алғысын білдірді.

«Қазақта «Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды» деген сөз бар. Биылғы «Парыз» байқауына қатысушылар түрлі қайырымдылық шараларға 37 миллиард теңгеден астам қаржы салған. Бұл отандық бизнестің қоғам игілігі үшін аянбай адал қызмет етуге дайын екендігін көрсетеді. Осында отырған әр азаматтың туған елге деген ықылас-пейілі жас кәсіпкерлерге үлгі-өнеге болары сөзсіз. Сіздерге тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін! Кәсіптеріңіз алға баса берсін! Баршаңызға амандық, табыс тілеймін!», - деді Президент.

Тэгтер:

Тоқаев