Қызылша ағзаның қабынуын басатыны анықталды

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Nutrients журналында жарияланған жаңа ғылыми шолу қызылшадағы нитрат, беталаин мен полифенол сияқты үш түрлі қосылыс ағзадағы қабыну үдерістерін бір мезгілде төмендететінін көрсетті. Зерттеуді Ұлыбританиядағы Батыс Шотландия университетінің ғалымдары жүргізген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдар бұрын жарияланған материалдарға мета-талдау жасап, бұл қосылыстардың барлығы да жасушалардағы тотығу стрессін азайтатынын анықтады. Ал тотығу стрессі Альцгеймер ауруының дамуын жеделдететін негізгі факторлардың бірі саналады.

Лабораториялық тәжірибелерде қызылша компоненттері:
– жасушалардың митохондрия жұмысын жақсартты;
– нейрондарды зақымданудан қорғауды күшейтті;
– қабынуды қоздыратын маңызды сигналдарды тежеді.

Алдын ала белгілі болған деректерге сүйенсек, қызылша шырыны бар сусындар когнитивтік бұзылыстар кезінде бірінші болып зардап шегетін ми аймақтарына қан ағуын арттыра алады. Эпидемиологиялық зерттеулер өсімдік нитраттарын жиі тұтынатын адамдарда жадтың әлсіреуі баяу жүретінін көрсетеді.

Нитраттар – өсімдіктердің табиғи бөлігі, ақуыз түзуге қажет құрылыс материалы. Адам ағзасына түскен соң олар азот тотығына айналып, қан айналымын жақсартады, қан қысымын төмендетеді және жүрек-қантамыр жүйесіне оң әсер етеді.

Бірақ мамандар нитраттарды шамадан тыс көп қолдану зиян екенін ескертеді: олардың артық мөлшері ағзада нитриттерге айналып, қанның оттегін тасымалдау қабілетін төмендетуі мүмкін.

Тэгтер:

қызылша қабыну