Ақмола облысында үш күн іздестірілген 42 жастағы азаматтың мәйіті табылды

Бүгін, 12:27 / Алуа Арман
istockphoto.com

Жақсы ауданының Қима ауылының тұрғындары 42 жастағы ауылдастарын үш күн бойы іздеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ер адам 30 қараша күні үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Іздеу шараларына полиция қызметкерлері, еріктілер және туыстары жұмылдырылды.

— Биылғы жылдың 3 желтоқсанында Қима ауылының 1983 жылы туған, хабар-ошарсыз кеткен тұрғынын іздестіру шаралары барысында оның денесі Есіл өзенінің жағасынан табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, оның өліміне суға бату кезінде тыныс жолдарының су арқылы жабылуынан болған асфиксия себеп болған, — деп хабарлады ведомство.

Жақсы ауданында ер адамның денесінің табылуына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Тэгтер:

Ақмола облысы іздестіру жоғалу