Таңғы 03:30. Қала қалың ұйқы құшағында. Жылы төсегінен тұрған Гүлнар жуынып, шайын ішіп, асыға шықты. Өзі секілді жұмысшыларды күтіп тұрған автобустан кешікпеуі керек. Бұл – Гүлнардың 13 жылдан бері қалыптасқан таңғы тәртібі. Сарыарқаның сарышұнақ аязында да, аптап ыстығында да, мереке күндерінде де өзгерген емес.
Гүлнар Әшірбекова елордаға 2012 жылы Қарағандыдан қоныс аударады. Келе сала екі қолға бір күрек деп «Астана Тазалық» мекемесіне қарапайым жол жұмысшысы болып жұмысқа кіреді. Осы мекемеде табан аудармай тұрақты істеп келе жатқанына биыл – 13 жыл. Қазір ол Есіл ауданы бойынша қолмен жинау жөніндегі шебер. Еңбегін жоғары бағалаған мекеме оған бірнеше рет алғыс хат беріп, кеудесіне «Елеулі еңбегі үшін» медалін тақты.
– Таңғы 05:00-де жұмыста боламын. Қазір жұмысымыз 05:40-та басталады. Ертерек келіп, арнайы техника мен құралдарды бөлемін, қай аумақтан, қалай бастау керегін жоспарлаймын. Жұмысшылар жиналған соң көшеге шығамыз. Менің міндетім – еңбек қауіпсіздігін сақтай отырып, жол жұмысшыларымен бірге қаланы тазалау. Біз жұмысқа кіріскен уақытта қала ұйқыдан әлі ояна қоймайды. Бұл сәт көшелерді тексеруге, қай бағытқа күш салу керегін анықтауға мүмкіндік береді. Таңғы трафик басталғанда тазалау қиындайды, сондықтан көп жұмысымызды сол тыныш кезде атқарып үлгереміз, – дейді Гүлнар апай.
Оның алғаш жұмысқа кірген сәті де әлі есінде. Борандатып аялдаманы, жаяу жүргіншілер жолын қардан тазарту оңай болмаған. «Бұл менің қолымнан келеді» деген сенім, шыдам мен төзім алға жетелеп отырады. Әйел баласы үшін осындай қиын жұмыспен қатар отбасын алып жүру – үлкен еңбек, тіпті ерлік десек те қателесе қоймаспыз.
– Жұмысым мен отбасымды тең ұстаймын деп тырысқаныммен көп жағдайда жұмысқа көбірек көңіл бөлуге тура келеді. Өйткені бізге адамдардың қауіпсіздігі мен қала тазалығы өте маңызды. Жұмысымыз әйел баласына ауыр болғанымен жақсылығы да көп. Осы жерден өзіме жанашыр құрбы, дос, әпке, сіңлі таптым. Қиын сәттерде бір-бірімізге демеу болып, көмектесіп, біріміздің мойнымызға түскен жүгімізді бәріміз жұмыла көтердік. Жұмысымызды да ойнап-күліп, әзілдесіп жүріп тез-ақ еңсеріп тастаймыз. Өз ісіңе шын берілсең, мамандықтың бәрі жақсы, – деді кейіпкеріміз.
Таң сәріден бас қаланың тазалығын сақтауға аттанатын жұмысшыларды ауа райының тосын мінезі де тоқтата алмайды. Керісінше, қолайсыз күндерде олардың жауапкершілігі арта түседі.
Көктемнің лайсаң күндері басталғанда, көшелерді тазарту – төзім мен жауапкершілікті талап ететін ауыр міндет. Жаздың ми қайнатқан аптабында, күн тас төбеден шақырайғанда тынбай еңбек ету үшін де адамға қажыр-қайрат керек. Күздің өкпек желі қаланың әр бұрышындағы соңғы жапырақтарды ұшырып әкетсе, оны қайта жинап, қаланың тынысын ретке келтіру де жұмысшыларға жүктелген. Ал қыстың қақаған сары аязы, бет қаратпайтын бораны – ең ауыр сынақтың бірі. Мұз ойып, қалың қарды күреу – жай жұмыс емес, нағыз ерік-жігердің, төзім мен тәртіптің сыналар шағы.
Төрт мезгілдің талай сынағына қарамастан, тәуліктің қай уақыты, жылдың қай кезеңі болсын, қалада тоқтамайтын бір майдан бар. Ол – көпшілік байқай бермейтін, бірақ шаһар тіршілігінің басты тамыры болып тұрған еңбек майданы. Сол майданның алғы шебінде – бас қаланың әр бұрышын қалт жібермей қадағалап, тәртібі мен тазалығын мінсіз күйде ұстап жүрген «Астана Тазалық» ЖШС-ның жанкешті жұмысы тұр.
Жауапкершілігі жоғары жұмыс
Елорданың, оның шет аймақтары мен елді мекендерінің санитарлық жағдайын қамтамасыз ету, тұрмыстық қалдықтарды жинау мен шығару – «Астана Тазалық» мекемесінің негізгі міндеті. Сонымен қатар серіктестік су басу қаупінің алдын алып, кәріз жүйелерін үздіксіз бақылап отырады.
Сонау 2008 жылы 600 қызметкермен жұмысын бастаған кәсіпорын бүгінде 2 000-нан астам адамның еңбегіне сүйенеді. Мыңдаған жұмысшы күн сайын қаланың көшелері мен даңғылдарын, тротуар мен алаңдарын қолмен және техника көмегімен тазартып, қаланың тәртібін сақтауға үлес қосады. Сондай-ақ автокөліктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолды уақытылы тазарту, қар мен мұзды дер кезінде жинау – мекеме жұмысының аса маңызды бөлігі. Табиғат тосын мінез танытқанда, әсіресе, аязды күндер мен боранды түндерде бұл жауапкершілік екі еселене түседі.
– Біздің жұмыстың басты шарты – ұқыптылық пен тиянақтылық. Мұны кез келген адам атқара алмайды. Кесте күрделі, жұмыс көлемі де аз емес. Менің бөлімімде штатта 40 жол жұмысшысы бар, оған күн сайын сырттан тартылатын жұмысшылар қосылады. Кейде олардың саны 25 болса, кейде 30 адамға дейін жетеді. Жалпы алғанда, ЭКСПО аумағы бойынша күн сайын 45-50 адам еңбек етеді. Олар автобус аялдамаларын, тротуарларды, қоғамдық орындарды ретке келтіреді. Әсіресе, мектептер, балабақшалар, ауруханалар орналасқан аумақтың тазалығы – біздің тікелей міндетіміз, – дейді Қолмен жинау бөлімінің басшысы Еркебұлан Ерғалиев.
Астана – халықаралық деңгейдегі саяси орталық. Президенттің маңызды кездесулері мен әлемдік форумдар жиі өтетін ЭКСПО алаңы әрдайым мінсіз көрінуге тиіс. Мұндай күндері жұмысшылардың жүгі де екі есе артады.
– Қаланың әр күні біз үшін маңызды, әр қонақ – құрметті. Сондықтан халықаралық іс-шара барысында жұмыс күшейтіледі. Бірақ біздің басты қағидамыз еш өзгермейді. Ең алдымен – қауіпсіздік, содан соң – мінсіз тазалық, – дейді Еркебұлан Ерғалиев.
Жайлы жағдай
Елорданың тазалығы ауа райына да, демалыс не мереке күндеріне де қарамай, тәулік бойы тоқтаусыз жүргізіледі. Қала тынысын қамтамасыз ететін бұл жүйе үш ауысымнан тұрады. Бірінші ауысым таңғы 06:00-де басталып, 15:00-де аяқталады. Екінші ауысым түскі 12:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жалғасса, үшінші ауысым түнгі 20:00-де басталып, таңғы 05:00-де бітеді. Бұл – жай ғана жұмыс кестесі емес, қарбалас тіршілікті еңсеріп тұрған механизм.
Әр ауысымдағы жұмысшыларға демалуға және тамақтануға арнайы 2 сағат беріледі. Мекеме аумағында қызметкерлерге арналған жайлы тынығу бөлмелері бар. Демалыс уақыты аяқталған соң арнайы көлік оларды жұмыс учаскелеріне жеткізіп, ауысым соңында қайта алып кетеді.
Қыстың қақаған аязында, боран жолды жауып тастаған күндерде жұмысшылардың қауіпсіздігі басты назарда болады. Үйлеріне жетуге мүмкіндік болмай қалғандар мекеме жатақханасында қонады. Мұнда үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Ал тәулік бойы кезекшілік атқаратын жүргізушілер мен машинистерге арналған демалыс орындары толық жабдықталған: жұмсақ төсектер, тынығу бөлмелері, душ, санитарлық стансалар қарастырылған.
Өндірістік база аумағындағы асханалар тұрақты жұмыс істейді, қажет болған жағдайда ыстық тамақ жұмыс орнына дейін жеткізіледі. Сарышұнақ аязда ауыр техникамен қар күреп, мұз ойып жүрген мамандар үшін бұл аса маңызды қолдау.
Серіктестік қызметкерлерінің медициналық сақтандыруы толықтай мекеменің есебінен төленеді. Ал көлік жүргізушілері әр ауысым басталар алдында және жұмыс соңында міндетті түрде медициналық тексерістен өтеді. Диспетчерлік пункттегі медицина қызметкерлері олардың қан қысымын, дене қызуын өлшеп, алкотест жүргізеді. Тек осыдан кейін ғана жұмысқа рұқсат беріледі. Бұл – күн сайын қайталанатын, қатаң сақталатын тәртіп.
«Астана Тазалық» үшін ең басты құндылық – оның қызметкерлері. Осы аптада мекеме 10 жұмысшыға қызметтік пәтер кілтін табыстады. Жатақхананың бірінші қабатындағы арнайы 10 бөлме толық жөндеуден өтіп, пәтер үлгісінде қайта жабдықталған. Бұл – ұзақ жыл бойы тұрақты қызмет етіп, қаланың тазалығын сақтауға өзіндік үлесін қосқан мамандарға көрсетілген құрмет пен қолдаудың айқын белгісі.
– Қызметтік пәтерлер толықтай жиһазбен, тұрмыстық техникалармен қамтамасыз етілген. Әр бөлмеде жеке ас үйі, демалатын аймағы бар. Пәтерлерді бөлісуде 8 жылдан астам уақыт еңбек еткен, жұмысында жоғары көрсеткіш танытқан қызметкерлерге басымдық берілді. Алдағы уақытта 5 жылдан көп еңбек еткендерге де кезең-кезеңімен берілмек, – дейді «Астана Тазалық» мекемесінің Әкімшілік-шаруашылық бөлімінің басшысы Альберт Есалиев.
Одан бөлек, жол жұмысшыларына арналған тұрмыстық және демалыс бөлмелері күрделі жөндеуден өтіп, толық жаңартылып, пайдалануға берілді. Бұл – коммуналдық сала қызметкерлерінің жұмыс жағдайын жақсартуды көздеген ауқымды әлеуметтік бастама.
Жаңартылған жатақханада 200 адамға арналған демалыс бөлмелері ашылды. Енді жұмысшылар күнделікті ауыр еңбектің арасында тынығып, шайын ішіп, жылы жерде күш жинай алады. Бөлмелер заманауи техникамен жабдықталған: шай қайнататын бұрыш, ыстық тамақ ішуге, киімін түзеп, келесі ауысымға тың күйде шығуға лайықталған орын қарастырылған.
Алғаш болып бөлмелерді көрген жол жұмысшысы Мадат Тұяқбаев өз ризашылығын жасырмады: «Бұрын мұндай мүмкіндік болмады. Қазір жылы жерде отырып тынығуға жағдай бар. Қарапайым ғана нәрсе болып көрінгенімен, жұмысқа үлкен көмек береді», – дейді ол.
Бұл жоба еңбек адамына құрметті арттырып қана қоймай, коммуналдық саладағы жалпы еңбек мәдениетін жаңа деңгейге көтеруді көздейді.
– Біздің мақсатымыз – тек қаланың тазалығын сақтау емес, бұл жұмысты атқарып жүрген әр қызметкердің жағдайын жақсарту. Демалыс бөлмелері қызметкерлердің денсаулығын қорғауға, еңбектің өнімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Еңбекті бағалау – біздің кәсіби әрі азаматтық борышымыз, – деді «Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Замир Сағынов.
Серіктестік алдағы уақытта да еңбек адамын қолдауға арналған әлеуметтік бастамаларды жалғастыруды жоспарлап отыр. Өйткені бас қаладағы тазалық пен тәртіп ең алдымен осы мамандардың маңдай терімен, күнделікті табанды еңбегімен келеді.
Темірге де күтім керек
Ала таңнан қара кешке дейін қала көшесін шаршамай аралайтын – тек жұмысшылар ғана емес. «Астана Тазалықтың» әрбір техникасы да қысы-жазы тоқтамай «еңбектенеді». Күндізгі ауысым өз жұмысын аяқтап, кеш батқан кезде түнгі колонна сапқа тұрады. Сол екі-үш сағаттық үзілісте ғана темір тұлпарлар тыныс алып, қозғалтқышы суып үлгереді. Артынша тағы да жолға шығып, қаланың әр бұрышын аралап кете береді.
Демалыссыз жұмыс істейтін техникаларды күтіп-баптау да оңай шаруа емес. Күтім жасамасаң, темір де тот басады, тозады, майламасаң – мүжіледі. Сол себепті кәсіпорын техника паркін ерекше қадағалайды, уақытылы жөндеп, қажалған бөлшектерін ауыстырып, қозғалтқышын қайта реттеп, әр бұрандасына дейін тексеріп отырады. Көліктерге орнатылған GPS пен отын датчиктері бос жүрісті азайтып, отын шығынын 40 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл – жыл басынан бері 200-300 миллион теңгені үнемдеу деген сөз. Қарапайым көрінгенімен, мұндай үнем жаңа техника алуға, ескіні жаңартуға, ең бастысы, қала тазалығын үздіксіз қамтамасыз етуге орай жаратады.
Сонымен қатар жүргізушілердің тәртібі мен жол үстіндегі қауіпсіздігін бақылау енді жасанды интеллект көмегімен іске асады. Электронды жол парақтары арқылы әр техниканың қозғалысы, жанармай шығыны, жұмыс уақыты мен медициналық тексеру деректері бір орталықтан басқарылады. Сондықтан қала тазалығын қамтамасыз етіп жүрген арнайы техника – жай ғана темір емес. Ол – Астананың күнделікті қозғалысын тоқтатпай ұстап тұрған, қаланың тіршілігіне ырғақ беретін темір жүрек деуге болады.
Тазалық тірегі – техника
Кәсіпорын автопаркі әлемдік өндірушілердің жаңа буын машиналарымен толыққан. Вакуумды жинау техникалары, Pelican мен МАЗ маркалы машиналар, көпфункционалды Jetbroom және Unimog U400 сынды жоғары класты арнайы техникалар қаланың тазалығын мінсіз сақтауға жұмыс істейді. Мәселен, швейцариялық Wasch компаниясының Jetbroom кешені – нағыз әмбебап жүйе. Ол қарды 6 метрге дейін тазалап, мұзды қырып, реагент шашып қана қоймай, жазда жол сыпырып, су сеуіп, тіпті жол жиегіндегі шөпті де шауып кете береді. Ал Unimog U400 – 3,5 мыңнан астам құрал-жабдық орнатуға мүмкіндік беретін ерекше техника. Жүргізушілер оның кең шолу мүмкіндігін, автоматтандырылған басқаруын, қыста жылы, жазда салқын жайлы кабинасын ерекше бағалайды.
Қала көшелерін қардан тазалау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Астана Тазалық» тек тиімді әрі жылдам жұмыс істейтін техникаға сүйенеді. Қар тазалайтын, сыпыратын машиналар тротуарлар мен көшелердегі қар мен мұзды жинап, арнайы контейнерге салады. Қар сүргіш тракторлар жол жиегіндегі қарды лезде тазартып, көлік қозғалысын реттейді. Фронтальды тиегіштер жиналған қарды тиеп, арнайы полигондарға тасымалдайды. Ал құм шашатын техникалар қыс мезгілінде мұз қату қаупін азайтып, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Жалпы, бүгінде мекеменің қарамағында 500-ден астам заманауи техника бар. Парктің тұрақты жаңартылып отыруы жұмыстың тиімділігін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға түсетін зиянды да азайтады.
Болашаққа бағдар
Тазалыққа жауапты бас мекеменің болашақ бағыты – экология тұрақтылығы мен технологияны жаңғыру. «Астана Тазалық» қалдықсыз өмір салтын қалыптастыру үшін қайта өңдеу әдістерін енгізуді, жасанды интеллект көмегімен көше тазалығын бақылау мен техниканы басқару жүйелерін жетілдіруді жоспарлап отыр. Экологияға зияны аз заманауи көліктерді пайдалану арқылы қала ауасын жақсарту көзделсе, Астананы «жасыл қала» ету мақсатында көгалдандыру, жасыл белдеулерді кеңейту жұмыстары тоқтаусыз жалғаспақ.
Елордада 820 көше болса, соның 226-сының, яғни 453 шақырым аумақтың тазалығына дәл осы серіктестік жауап береді. Бұл – қала көшелерінің 40 пайызы.
«Астана Тазалық» елорданың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі құрылымдардың біріне айналды. Мекеменің дамуы – Астананың дамуы. Қала келбетінің сақталуы, көшелердің таза болуы – құлқын сәріден тұрып, қараңғы түскенше, тіпті таң атқанша тынымсыз еңбек ететін жұмысшылардың жанкешті еңбегінің арқасы. Қаланың әр бұрышын бес саусақтай білетін, әр қадамын қамқорлықпен тазалайтын, өз ісіне шын берілген маман-дар қандай құрметке де лайық екені анық.