Өткен айда теңге біршама нығайды. Сөйтіп, бір доллар 512,57 теңге деңгейінде тұрақтады. Биржадағы сауда-саттық жандана түсіп, Ұлттық қор валютасын сату көлемі айтарлықтай артты. Тіпті, бейсенбіде доллар бағасы 500 теңгеден төмен түсті. Ал 29 қарашада Каспий құбыр консорциумына шабуыл жасалып, қондырғылардың бірі істен шықты.
Жалпы, теңгенің нығаюына не әсер етті? Ұлттық валюта бағамы мен мұнай көрсеткіштерінің корреляциясын ескеретін болсақ, КҚК-ға жасалған шабуыл теңгеге қалай әсер етуі мүмкін?
Қозғаушы күш – кэрри трейд
Ұлттық Банк мәліметіне сүйенсек, қарашаның қорытындысы бойынша АҚШ доллары 512,57 теңгеге дейін арзандап, теңге 3,3 пайызға нығайған. Қазақстан қор биржасында бір күндегі орташа сауда-саттық көлемі бір айда 271 млн АҚШ долларынан 280 млн АҚШ долларына дейін өскен. Жалпы сауда-саттық көлемі 5,6 млрд АҚШ долларына жеткен.
– Қарашада Ұлттық қордан 600 млн АҚШ долларына валюта сатылды, бұл республикалық бюджетке трансферт бөлуге мүмкіндік берді, – деп мәлімдеді Ұлттық Банк.
Айналау операциялары аясында қарашада 475 млрд теңге алынған. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валютадағы түсімінің бір бөлігін сатуды міндеттеу нормасы аясында шамамен 390 млн АҚШ доллары сатылған. Бұл ретте, реттеуші қарашада валюта интервенциясы жасалмағанын айтты. Сондай-ақ Ұлттық Банк қысқа мерзімде теңге бағамына нарыққа қатысушылардың болжамдары, тоқсандық салық төлемдері, әлемдік нарықтардағы ахуал мен геосаяси жағдайдың өзгеруі әсер ететінін жеткізді.
Дегенмен, Ұлттық Банк жаңа жылдан кейін теңге бағамы әлсірейді деп болжап отырған жоқ. 28 қарашада орталық банк басшысы Тимур Сүлейменов ішкі бағаға ҚҚС көлемінің өсуі әсер ететінін, алайда бағамға әсер етпейтінін атап өтті, ал сыртқы макроэкономикалық жағдайға «тұрақты» деп баға берген болатын.
– Біз үшін сыртқы макроэкономикалық жағдай қазір тұрақты. Күтілетін мұнай бағасы – шамамен баррельіне 60 доллар. Бағамда нақты бір күрт өзгеріс болады деп ойламаймыз, – деді Ұлттық Банктің басшысы.
Ал Halyk Finance сарапшылары теңгенің нығаюына резидент еместердің спекулятивті операциялары, нақтырақ айтқанда кэрри трейд себеп болғанын айтады.
– Біздің пікірімізше, теңгенің айтарлықтай нығаюының артында ешқандай іргелі фактор жоқ және ол Қазақстанның ақша және валюта нарықтарындағы резидент еместердің спекулятивті операцияларының нәтижесі болып отыр. Әсіресе, қазан-қарашада теңгенің күрт нығайғанының басты себебі – шетел портфель инвесторларының Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына (МБҚ) кэрри трейд операциялары арқылы салған инвестициялары деп санаймыз. Кэрри трейд қазанда базалық ставканың күрт көтерілуі мен қазаннан бастап Ұлттық Банктің алтын сатып алуды теңестіру мақсатында валюта сатуды ұлғайтуына байланысты тартымды болды. Резидент еместердің МБҚ-ға салған қаражаты, негізінен, өте құбылмалы. Себебі сыртқы немесе ішкі жағымсыз жағдайларға байланысты шетел портфель инвесторлары салған қаражатын жылдам алып кетуі мүмкін. Бұл өз кезегінде валютаға деген сұраныстың күрт өсуіне және теңгенің әлсіреуіне алып келеді. Жалпы алғанда, резидент еместердің МБҚ-дағы үлесінің көп болуы валюта мен ақша нарықтарындағы қаржылық тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін екенін бұған дейін де ескерткенбіз. Әзірше, Ұлттық Банк бұл қауіпті сейілту үшін қандай шаралар қабылдауды жоспарлап отырғаны туралы түсініктеме берген жоқ, – дейді Басқарма Төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов пен талдау орталығының сарапшысы Салтанат Игенбекова.
Мұнай өткізу мұң бола ма?
29 қарашада КҚК-на жасалған шабуыл салдарынан айлақтағы құрылғының бірі айтарлықтай зақымданды. Консорциумның ресми мәлімдемесіне сүйенсек, шабуыл адам басқармайтын катерлер арқылы жасалған. Жұмыс уақытша тоқтатылып, танкерлер КҚК акваториясынан шығарылған. КҚК қызметкерлері мен мердігерлер арасында зардап шеккендер жоқ.
– Жарылыс болған сәтте авариялық қорғаныс жүйелері іске қосылып, тиісті құбыр желілерін автоматты түрде жапты. Алдын ала мәлімет бойынша, Қара теңіз акваториясына мұнай төгілген жоқ. Қазір теңіз суының сынамалары алынып, экологиялық мониторинг жүргізілуде. 2-қондырғыны әрі қарай пайдалану мүмкін емес. Терминалда мұнай тиеу жұмыстары пилотсыз катерлер мен дрондардан төнетін қауіп толық жойылғаннан кейін белгіленген тәртіпке сай қайта жалғасады, – деп жазылған консорциумның ресми мәлімдемесінде.
Каспий Құбыр Консорциумы – Ресей, АҚШ, Қазақстан және Батыс Еуропаның бірқатар елдерінің ірі мұнай-газ кәсіпорындарын біріктіретін ұйым. Ол арқылы Қазақстанның үш ірі кен орнынан – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтан өндірілетін мұнай тасымалданады. 2024 жылы терминал арқылы шамамен 63 млн тонна мұнай өткізілген. Оның шамамен 74 пайызы шетелдік жүк өткізушілердің үлесіне тиесілі. Ең ірі жүк тасымалдаушылар қатарында «Тенгизшевройл» (Chevron), ExxonMobil, «ҚазМұнайГаз», Eni және Shell бар.
Андрей Чеботарев,
экономист:
Бұл әзірге тек қауіп қана
– Теңге бағамы мұнай бағасына тәуелді екені рас. Бірақ бұл байланыс көпшілік ойлағандай тікелей емес. Алдымен белгілі бір уақыт өтуі керек, яғни КТК мұнай айдауды шынымен тоқтатқан жағдайда ғана ықпалы айқын сезіледі. Қазір бір айлақтағы қондырғы істен шықты, ал ондай қондырғы саны – үшеу.
Оның үстіне үш қондырғы қатар мұнай айдаған кез сирек болған: әдетте екеуі жұмыс істейтін, тіпті жөндеу жұмыстары кезінде біреуі ғана істейтін. Соның өзінде мұнай экспорты тоқтамайтын. Қазір де қалған қондырғылар арқылы мұнай айдалып жатқан болуы керек.
Иә, болашақта теңге бағамында ауытқу болуы мүмкін, өйткені біз – мұнай экспортына, ал экспорт КТК-ға тәуелді. Дегенмен әзірге бұл – қауіп. Ықтимал қысым, бірақ әзірге іске аспаған фактор.
Сондай-ақ теңгенің қазіргі нығаюы артық нығаю секілді көрінеді. Өткен айда валюталық облигациялар көптеп орналастырылып, елге шетел валютасының ағыны артты. Сонымен қатар жоғары базалық ставка салдарынан көптеген шетел инвесторлары кіріп, қосымша валюта өтімділігі қалыптасты. Сондықтан қазіргі нығаю – негізінен спекулятивті сипатта, оның артында тұрған ешқандай іргелі фактор, негіз жоқ. Сол себепті ол кез келген сәтте кері кетуі мүмкін. Ал кері кетіп әлсіресе, ол тек КТК-ға байланысты болмайды, себебі өсімнің экономикалық негізі әлсіз.
Қорыта айтқанда, КҚК құрылғысының істен шығуы мұнай экспортына қысқа мерзімде әсер етуі мүмкін, алайда консорциумның қосымша терминал желілері мен техникалық мүмкіндіктері арқасында мұнай тасымалы толық тоқтамайды. Дегенмен бұл шабуыл Қазақстан мен халықаралық акционерлерге төнген қосымша қауіп болып отыр.
Ал теңге бағамына келер болсақ, экспорттағы қиындықтар теңгеге бірден әсер етпейді. Әсер еткен күннің өзінде, ол жалғыз фактор емес. Сарапшылар қазіргі теңге бағамының нығаюының артында іргелі негіз жоқ, сыртқы валюта ағынына байланысты уақытша құбылыс деп есептейді. Сондықтан реттеуші күрт әлсіреу күтпегенімен, бағамда құбылулар болуы ықтимал. Бірақ ол тек мұнайға ғана байланысты болмайды.