5 желтоқсанда бүкіл әлемде Халықаралық волонтерлер күні аталып өтіледі. Қазақстанда волонтерлік қозғалыс белсенді дамып келеді. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева волонтерлерді мерекесімен құттықтап, волонтерлікті мемлекеттік қолдаудың біртұтас жүйесі қалыптасқанын баса атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Құрметті волонтерлер! Құрметті достар!
Сіздерді Халықаралық волонтерлер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазіргі кезде волонтерлік қозғалыс еліміздегі қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Сіздер мәдениет пен білім, экология мен медицина, әлеуметтік қолдау мен қайырымдылық салаларының дамуына үлес қосып келесіздер.
Кейінгі жылдары Қазақстанда волонтерлікті мемлекеттік қолдаудың біртұтас жүйесі қалыптасты, ол әрқашан мемлекеттік саясаттың назарында.
Дәл бүгін БҰҰ-ның Нью-Йорк қаласындағы Штаб-пәтерінде Орнықты даму жолындағы Халықаралық волонтерлер жылы ресми бастауын алады.
Біз аталған жылды жариялау бастамасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқанын мақтан тұтамыз", – дейді министр.
Аида Балаева Қазақстан үшін Халықаралық жыл орнықты даму мақсаттарын іске асырудағы волонтерлердің рөліне баса назар аудара отырып «Бірге – тұрақты болашақ үшін!» ұранымен жақсылық пен бірліктің жалпыхалықтық мерекесіне айналатынын атап өтті.
"Атаулы жыл жаһандық серіктестік рухында жаңа мүмкіндіктер ашатынына және миллиондаған адамдарды тұрақты, әділ және бейбіт әлем құрудың ортақ ісіне қатысуға шабыттандыратынына сенімдіміз.
Құрметті волонтерлер!
Мемлекет сіздердің белсенділігіңізді, азаматтық ұстанымыңыз бен жасампаз істеріңізді жоғары бағалайды. Біз волонтерлік бастамаларды одан әрі қолдаймыз және даму үшін мүмкіндіктерді арттырамыз.
Барлық волонтерге еліміздің дамуына қосқан үлесі, табандылығы, мейірімділігі мен өз ісіне адалдығы үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сіздердің игі істеріңіз әрқашан құрмет пен қолдау тауып, адамдарға қуаныш пен шаттық әкелсін.
Сіздерге зор денсаулық, амандық, күш-қуат және қоғамға қызмет ету жолында табыс тілеймін!", – дейді министр.