Қостанайдағы А. Бөкейхан атындағы мектепте орналасқан шағын орталықта балаларға ішінде құрттары бар вафли ұсынылған, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Tobol Info-ға сілтеме жасап.
Балалардың бірінің әкесінің айтуынша, түскі асқа берілген вафлидің ішінен тірі құрттар табылған.
“Вафли салынған тарелкелерді таратқан тәрбиеші олардың ішінде бір нәрсе қимылдап жатқанын байқайды. Қараса, құрт! Олар қораптың ішінде де, вафлидің өзінде де болған. Мұндай қалай болуы мүмкін? Бұлар — балалар. Бұл туралы бірден асхана меңгерушісіне айттық. Абырой болғанда, ешбір бала бұл өнімді жеп үлгермеді”, — деді ер адам.
Ата-ананың айтуынша, бұл санитарлық нормалардың бұзылуы бойынша бірінші жағдай емес. Бұған дейін орталықта балаларға қанттың орнына тұз қосылған шай берілген көрінеді. Ер адам шағым түсіргенін және прокуратураға жүгініп, тексеріс жүргізуді сұрайтынын айтты.
Қостанай қалалық білім бөлімінде оқиғаның болғанын растады.
“Шынында да, 3 желтоқсанда А. Бөкейхан атындағы мектептің бракераж комиссиясы орталықтағы балаларға арналған өнімнен (вафли) құрттардың барын анықтады. Бұл бұзушылық өнім балаларға берілмей тұрып анықталғандықтан, олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді”, — деп хабарлады бөлім.
Ата-аналар өкілдері, медицина қызметкері және мектеп қызметкерлері кіретін комиссия мұндай жағдай анықталған кезде қарастырылған барлық шараларды жедел қабылдады. Өнім толықтай айналымнан алынды.
“Тексеру актісі мен өнімнің үлгілері ресми сараптама жүргізу үшін СЭС-ке жіберілді. Мектеп асхананы ұйымдастыруға жауапты жеткізушімен жасалған келісімді бұзу туралы талап-арыз дайындауды бастады. Айта кетейік, барлық мектептерде бракераж комиссиялары жұмыс істейді. Олардың басты міндеті — тамақ сапасын бақылау және анықталған бұзушылықтарға дер кезінде әрекет ету”, — деп толықтырды ведомство.