Елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театрда «AMANAT» партиясы ұйымдастырған дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы қорытындыланды. Биыл байқау Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мәжіліс Спикері, «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов партия «Ұлы дала» байқауын алтыншы мәрте өткізіп отырғанын және жыл өткен сайын оның ауқымы кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Биыл байқау алғаш рет өңірлік деңгейде өткізілді. Осы уақыт аралығында 100-ге жуық жас ақын-жазушы конкурс лауреаты атанып, бүгінде кеңінен танымал қаламгерлерге айналып отыр.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев руханиятқа ерекше көңіл бөлетінін жақсы білесіздер. Президентіміз халқымыздың озық ойлы, интеллектуалды ұлт болғанын қалайды. Бұл туралы Ұлттық құрылтайларда, басқа да жиындарда үнемі айтып та жүр. Ендігі жас толқынның міндеті – кешегі қазақ әдебиеті жеткен биіктен аласармау, жаңа көкжиекке ұмтылу. Ал біздің міндетіміз – осы жастарға қолдау көрсету, жолын ашу. Бүгінгі «Ұлы дала» байқауы – соның жарқын көрінісі, «AMANAT» партиясының қазақ руханиятына қосып жатқан бір үлесі», – деді Ерлан Қошанов.
Партия Төрағасы таяуда Президент Жарлығымен ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілгенін еске салды. Осы маңызды құжатта Абайдың «Қара сөздері» ұлттық кітап нышаны ретінде айқындалды. Сондықтан бұл байқау ұлы қаламгер шығармашылығының терең мазмұны мен айрықша маңызын ашуға бағытталып, көпшіліктің қызығушылығын оятты.
Мәжіліс Спикері мемлекет тарапынан қаламгерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп келе жатқанына назар аударды. Мәселен, 2023 жылдан бері еліміздегі жас ақын-жазушыларға Президенттің арнаулы әдеби сыйлығы тағайындалады, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы табысталады, сондай-ақ жыл сайын ел аумағында көптеген конкурстар мен шығармашылық іс-шаралар өткізіледі. Жуырда ауқымды сауалнама аяқталды. Нәтижесінде, отандық әдебиеттегі үздік 100 кітап анықталып, кеңінен насихатталуда.
Ерлан Қошанов «AMANAT» партиясы тарапынан әдебиетті қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, Мәжілістегі партия фракциясы көтерген бастама нәтижесінде жаңа Салық кодексінде отандық баспагерлер үшін қосымша құн салығы алынып тасталды. Бұл қадам кітаптарды оқырманға барынша қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Кітап оқитын ұлт» бастамасы мен «Кітап-АМАNAT» жобасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осындай іс-шаралар арқылы азаматтардың бойында кітап оқу мәдениеті қалыптасып, кітапқа деген құрметі артады.
Ең бастысы, бүгінде ел азаматтары кітап оқу ісіне жоғары қызығушылық танытуда. Соның жарқын көрсеткіші ретінде биыл 11 айда кітапханаларға 37 миллион адам барды. Олардың орташа жасы – 17-25.
Биыл «Ұлы дала» байқауы 1 шілде мен 30 қазан аралығында өткізілді. Осылайша 120 шығарма ақтық кезеңге жолданып, оның барлығы аikyn.kz сайтында «Ұлы дала байқауы» арнайы айдарымен орналастырылды: https://aikyn.kz/uly-dala-baikauy.
«Поэзия» аталымы бойынша бірінші орынды Азамат Серікұлы, екінші орынды – Асантемір Қаршығаұлы, үшінші орынды – Абзал Мақаш иеленді.
«Проза» аталымы бойынша жүлделі бірінші орынды – Жақсылық Қазымұрат, екінші орынды – Думан Терлікбаев, үшінші орынды – Ретбек Мағаз қанжығалады.
«Балаларға арналған шығарма» аталымында Нұрбек Нұржанұлы жеңімпаз атанса, екінші орынды – Айдана Сегізбай, үшінші орынды – Құралай Омар иеленді.
«Драматургия» аталымы бойынша бірінші орын – Эльдар Тоқтасынға, екінші орын – Мия Алғожаеваға, үшінші орын – Гүлжанат Исатайқызына бұйырды.
«Әдеби сын» аталымы бойынша бірінші орын – Дария Келгенге, екінші орын – Айгүл Сәкенқызына, үшінші орын – Қарлығаш Қабайға табысталды.
Сондай-ақ «Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы» арнайы сыйлығын – Ұларбек Дәлейұлы, «Алаш аманаты» арнайы сыйлығын – Әділет Жағыпар, «Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы» арнайы сыйлығын – Анар Абдуллина иеленді.
Іс-шара соңында барлық қатысушы режиссер Әлімбек Оразбековтің әйгілі «Абай» трагедиясын тамашалады.