Бүгін X Республикалық WorldSkills Kazakhstan 2025 чемпионатының алғашқы күні чемпионат алаңында 45 бағыт бойынша сайыстар басталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Экспо» халықаралық көрме орталығы мен серіктес ұйымдардың оқу-өндірістік және технологиялық базаларында қатысушыларға шынайы өндірістік ортаға жақын жағдай жасалып, халықаралық WorldSkills стандарттарына сәйкес инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді.
Чемпионаттың бірінші күні-ақ сайысты 4 000-нан астам адам келіп тамашалады. Олардың ішінде мектеп оқушылары, студенттер, өңірлік делегациялар, түрлі сала сарапшылары, серіктестер және білім беру ұйымдары мен ақпарат құралдарының өкілдері бар. Қонақтар сайыстарды тамашалап қана қоймай, кәсіби бағдар беру шараларына қатысып, жаңа технологиялармен танысуға мүмкіндік алды.
Алғашқы күнгі сайыстар электроника, мобильді робототехника, өнеркәсіптік дизайн, аспаздық іс, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да бағыттарды қамтыды. Барлық бағыт бойынша бағалау тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жүзеге асырылды.
Чемпионат кәсіби білім беру саласындағы маңызды іс-шаралардың бірі ретінде техникалық және кәсіптік білім жүйесі мен өндірістік сектор арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Естеріңізге сала кетейік, X Республикалық WorldSkills Kazakhstan 2025 чемпионаты Астана қаласында 3-9 желтоқсан аралығында өтуде. Оның жеңімпаздары 2026 жылы Қытайда өтетін жаһандық кәсіби шеберлік чемпионатына жолдама алады.