Ақтөбеде оқушы өз анасын өлтірген: Оқиғаға қатысты тың деректер шықты

Бүгін, 16:32 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақтөбеде 2 желтоқсанға қараған түні қаза тапқан 41 жастағы әйелдің жерлеу рәсімі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сол түні №1 қалалық көпсалалы ауруханаға марқұмның 71 жастағы енесі де көптеген пышақ жарақатымен жеткізілген.

Қылмыс жасады деген күдікпен 16 жастағы ұлы ұсталды. Жасөспірім өз әрекетін мойындаған, ол қамауға алынды.

Көршілердің айтуынша, бұл отбасы әрқашан өте тату, үлгілі болып көрінген.

«Жерлеуден енді келдік, Алғаға барып едік, марқұм әйелдің ата-анасы сол жақта тұрады. Әкесінің ата-анасы да сонда», – дейді көршілер.

Сол түні тұрғындар төртінші қабаттағы пәтерден шыққан айғайды естіген. Көршілер полиция шақырған. Жасөспірімді құқық қорғаушылар алып кеткен.

Көршілердің айтуынша, отбасында үш бала бар.

«Ұсталған бала – отбасының үлкені. Жеке мектепте оқыған. Екінші ұлы да сол мектепте оқыды. Кіші баласы 5 жаста, №28 мектепте дайындық тобына барып жүр. Отбасы өте жақсы, тату-тәтті. Анасы ХҚКО-да жұмыс істеді, әкесі вахтада болатын. Үш бала да тәрбиелі, әжесіне көмектесіп жүретін. Не болғанына әлі күнге дейін сене алмаймыз», – дейді көршілер.

Жарақат алған қарт әйел әлі де дәрігерлердің бақылауында. Дәрігерлер оның мойнында, саны мен иығында, қолында көптеген пышақ жарақаттары бар екенін, сондай-ақ қабырғасы сынып, көкірек және іш қуысының жарақаты болғанын нақтылады. Қарт әйелдің жағдайы тұрақты, реанимациядан профильдік бөлімге ауыстырылды. Алайда ол әзірге сөйлей алмайды және дыбыстарға әлсіз реакция береді.

Қылмыс болған пәтер пломбаланған.

Тэгтер:

қылмыс оқушы Ақтөбе анасы