Олжас Бектенов әкімдіктерге жыл соңына дейін заңсыз қоқыс алаңдарын жоюды тапсырды

Бүгін, 14:16 / Алуа Арман
Ukimet

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Премьер-министр жұмыс қарқыны баяу Абай және Ұлытау облыстары әкімдерін тыңдады: өңірлерде полигондардың 36% және 53%-ы ғана жойылған. Олжас Бектенов тұрмыстық қатты қалдықтарға қатысты жағдайды түзету бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Жетісу облыстарының әкімдіктері жыл соңына дейін заңсыз қоқыс алаңдарын жою жұмыстарын аяқтауы қажет. Полигондар құрылысын жеделдету тапсырылды.

Биыл шамамен 6,5 млн қазақстандық экологиялық акцияларға қатысты. Премьер-министр жастарға ерекше көңіл бөле отырып, халық арасында кең ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева экологиялық мәдениет қалыптастырудың жаңа тәсілдері туралы айтты. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы арқылы өскелең ұрпақ бойына еңбекқорлық, отансүйгіштік, экологиялық жауапкершілік құндылықтарын сіңіруде. Бүгінгі таңда оқушылардың 87,2%-ы қосымша экологиялық біліммен қамтылған. Олар үшін экология, биология, туризм, өлкетану және басқа да бағыттар бойынша клубтар мен үйірмелердің 380-ге жуық түрі жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта еліміздегі 35 жоғары оқу орнында экология саласы бойынша мамандар дайындайды. 2025–2026 оқу жылына «Қоршаған орта» бағыты бойынша 2358 мемлекеттік грант бөлінді. Жоғары оқу орындарында да еріктілік белсенді дамып келеді: студенттердің қатысу көрсеткіші 45%-ды құрады.

Сонымен қатар инженерлік экология, экоаналитика және тағы басқа саласында кадрлар даярлау жөніндегі білім беру бағдарламаларын жаңарту жүргізілуде, 2025–2027 жылдарға арналған ғылым желісі бойынша «Экология, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану» бағыты бойынша 318 жоба жүзеге асырылуда.

Тэгтер:

Әкім қоқыс полигоны қоқыс алаңы