Жамбыл облысында 75 млрд теңге тиімсіз жұмсалған

Бүгін, 11:22 / Алуа Арман
istockphoto.com

Жоғары аудиторлық палата Жамбыл облысында жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысын шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

2020-2024 жылдар аралығында өңірдің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері өскен. Алайда Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің жалпы құрылымында облыстың үлес салмағы 2,7%-дан 2,3%-ға дейін төмендеді.

Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша өңірге тартылған инвестициялар көлемі 553 млрд теңгеден асты, бұл 2024 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштерден 1,4 есе жоғары. Алайда 2020-2024 жылдар кезеңінде негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейі бойынша облыс республикалық рейтинг көшбасшыларынан 3,5 есе артта қалып отыр.

Жамбыл облысы республикалық бюджеттен түсетін түсімдерге тәуелді. 2020-2024 жылдары бюджеттен түсімдер орта есеппен 80%-ды құрады. Осы кезеңде трансферттер 344 млрд теңгеден 521 млрд теңгеге дейін 51% өскен. Ал 38 млрд теңгеден астам сомаға бюджет қаражатын игермеу фактілеріне жол берілген.

Мердігерлерге орындалмаған жұмыс үшін ақы төлеу және әлі өтелмеген берешектері бола тұра аванс беру фактілері орын алған.

Мысалы, Тараз қаласының ТКШ бөлімі биыл маусым айында қалалық автожолдарды орташа жөндеу бойынша екі жобаға 537 млн теңгеден астам төлем жасаған, бірақ 70 күн өтсе де жұмыс басталмаған. Аталған жұмыс тамыз айында аудит жүргізу нәтижесінде ғана басталды.

Жамбыл облысы Шу ауданының 18 елді мекеніне жеткізілетін газ құбырын салудың нормативтік мерзімі екі жыл болса да, алты жылдан астам уақыт бойы аяқталмай келеді. Нәтижесінде 8,2 млрд теңге игерілмей, жоғары тұрған бюджетке қайтарылған, яғни қаражат тиімсіз пайдаланылған.

Жалпы аудит қорытындысы бойынша:

58,5 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның 47,1 млрд теңгесі бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы бұзушылықтар;

75,6 млрд теңге тиімсіз жоспарланылған және пайдаланылған.

Тэгтер:

Жамбыл облысы бюджет қаражаты аудит ақша игеру