Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Алматыда жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан жедел жәрдем фельдшеріне қатысты Instagram парақшасында жазба жариялап, оның туған-туыстары мен әріптестеріне көңіл айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Министр қаза тапқан фельдшер жедел жәрдем қызметінде бар болғаны төрт ай ғана жұмыс істегенін, бірақ осы уақыт ішінде өзін ең жақсы қырынан танытқанын атап өтті.
«Қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан жедел медициналық жәрдем фельдшері Жанабаева Насиба Мұхтарқызының трагедиялық қазасы туралы хабарды терең қайғымен қабылдадым», – деп жазды министр.
Әлназарова өз сөзінде марқұмның кәсіби және адами қасиеттеріне ерекше назар аударды.
«Насиба өте жас еді – небәрі 23 жаста. Төрт ай бұрын ол Алматы қаласының Жедел жәрдем қызметіне жұмысқа тұрған. Осы қысқа уақыт ішінде ол жауапты, тиянақты, жанашыр медицина қызметкері ретінде, әрдайым көмекке келуге дайын маман ретінде танылды», – деді министр.
Министр марқұмның жақындарына, әріптестеріне және Алматының бүкіл медицина қауымына қолдау білдірді.
«Насиба Мұхтарқызының туған-туыстарына, жақындарына, әріптестеріне және Алматы қаласының медициналық қауымдастығына шын жүректен көңіл айтамын. Оның кәсібилігі, мейірімділігі және ісіне адалдығы әрқашан жадымызда қалады», - деп жазды.