Көкшетауда әскери борышын өнерімен ұштастырып жүрген сарбаз қызмет етеді

Бүгін, 10:09 / Інжу Әлихан
Ұлттық ұлан

ІІМ Ұлттық ұланының 5510 әскери бөлімінде «Әсем әнім сырнайдай, әлем сүйіп тыңдайды-ай» деп тамылжытып ән салатын ерекше сарбаз қызмет етеді. Жамбыл облысының тумасы, қатардағы  Әли Әлімжан Отан алдындағы борышын өтеумен қатар, әскери қызметін өз өнерімен ұштастырып жүр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әли Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Қызыл Шаруа ауылында дүниеге келген. Мектепте үздік оқып, 11 сыныпты тәмамдаған соң Астана қаласына қоныс аударады. Осы қалада аспаз болып еңбек етіп, мейрамханаларда жиі ән шырқап жүрген.

— Музыка мен үшін ішкі жан дүниеммен сырласу секілді. Ән айтқанда жүрегімнің бір бөлшегімен бөліскендей боламын, — дейді ол.

2025 жылдың жазында Әли Әлімжанның өмір жолы жаңа арнаға бұрылады. Ол аспаздық пен сахнадан уақытша қол үзіп, Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімнің сапына қосылып, ұландық атанды.

Қазір ол қаланың әртүрлі аудандарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында патрульдік қызмет атқарады.

— Қызметіміз қалыпты әрі жауапты. Аптасына төрт рет кезекшілікке шығамыз. Көкшетау — тыныш, көрікті шаһар, маған ұнайды, — дейді ол.

Қатардағы Әлімжан көпбалалы отбасында тәрбиеленген. Әкесі — әскери қызметтің ардагері, бүгінде зейнеткер. Анасы — ауыл мектебінде мұғалім. Үш ағасы отбасылы, ал кенже қарындасы жақында ғана мектеп бітірген.

— Әкем әрдайым: «Әскер адамды шыңдайды» деп айтып отыратын. Ол — мен үшін ер мінезділік пен төзімнің нағыз үлгісі, — дейді сарбаз мақтанышпен.

 Әли Әлімжан гитараны өз бетімен меңгерген, арнайы музыкалық білімі жоқ. Ән мәтіндері мен әуендерін шабыты келгенде жазады. Оның «Ғасырлық мұң» атты төл туындысы  уақыт, махаббат және қайтпас рух туралы сыр шертеді. Ұнататын орындаушылары — Қазбек Құрайыш, Молданазар, Ернар Амандық. Ал актерлер арасынан Дәурен Серғазин мен Еркебұлан Дайыровты ерекше құрметтейді.

Бүгінде Әли болашағына нақты жоспарлар құрып жүр. Мерзімді әскери қызметін аяқтаған соң келісімшарт негізінде қалып, әскери оркестр құрамында өнерін жалғастыруды мақсат етеді. Ол погонындағы өнерді абыройлы әрі мәртебелі міндет деп санайды. Сонымен қатар сарбаз болашақта өмірлік жарын тауып, отбасын құруды да армандайтынын жасырмайды.

Қызмет ету, ән салу, шабыт беру — қатардағы Әли Әлімжанның өмірлік ұстанымы. Оның әуезді үні сапта естіліп, әсем әні қарулас достарының  жүректеріне жол табуда.