Жамбыл облысының Мойынқұм аудандық соты тиісті тіркеусіз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан азаматқа қатысты әкімшілік істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол Мойынқұм ауылының дүкендерінде жалпы саны 364 бөтелке (167 литр арақ) алкоголь өнімін тиісті лицензиясыз сатқан. Ішімдіктердің жалпы сомасы 303 мың теңгені құраған.
Сотта құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, айыппұл мөлшерін азайтуды сұрады.
Сот кінәні мойындауды және жасаған ісіне шын жүректен өкінуді жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Жеңілдететін жағдайларды ескере отырып, сот айыппұл сомасын 30%-ға азайтты.
Сот қаулысымен ол ӘҚБтК 463-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған өнімді тәркілемей, 41 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалды.