Ақтөбеде пойыз бригадирін пышақтап өлтірген күдіктіге сот үкімі шықты

Бүгін, 08:25 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Ақтөбеде пойыз бригадирін пышақтап өлтірген күдіктіге сот үкімі шықты. Енді ол өмірінің 20 жылын абақтыда өткізеді. Сондай-ақ марқұмның отбасына 10 млн теңге өтемақы төлеуге тиіс, деп хабарлайды turkystan.kz КТК-ға сілтеме жасап.

Қанды оқиға төрт ай бұрын вокзал алдындағы гүлзарда болған. 28 жастағы сотталушының қанды қылмысы бейнекамераға жазылып қалған.

Марқұм вокзал алдындағы гүлзарда келе жатқанда алдынан шыққан күдікті темекі сұрайды. «Жоқ» деген жауапқа сенбеген сотталушы оны алты рет пышақтаған. Түк болмағандай, пышақтағы қанды сүртіп, өз жөніне кете барады.

Сот процесінде 28 жастағы жігіт марқұмның өзі алдымен балағаттап, жұдырық ала жүгірді деп ақталмақ болды. Ол сол кезде бұрынғы қылмысы үшін пробация бақылауында жүрген екен. Сотталушы қорғану мақсатында пышақ сұғуыма тура келді деумен болды. Бірақ істі қараған алқа билерін иландыра алмады. Олар бірауыздан кінәлі деп танып, ауыр жаза тағайындауды жөн деп шешті. Енді сотталушы 20 жылын темір торда өткізеді

«ҚР ҚК 60-бабына сәйкес, №2 Ақтөбе сотының 2025 жылғы 20 мамырдағы үкімі бойынша өтелмеген жазаның бір бөлігін ішінара қосу арқылы Қабдулловқа түпкілікті жаза ретінде 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілсін», - деді Ақтөбе облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Жәнібек Сейітжапаров.