Ермахан Ибраимов Жәнібек Әлімханұлының қанынан допинг табылуына байланысты мәлімдеме жасады

Бүгін, 21:16 / Өтей Торғайұлы
ашық дереккөзі

Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлына қатысты туындаған «допинг мәселесі» жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Танымал спорт ардагері «Таңшолпан» телебағдарламасында сұхбат беріп, жұртшылықты шала-пұла шешім қабылдаудан сақ болуға шақырды. Оның сөзіне қарағанда, бұрын-соңды спортта бастапқы сараптама нәтижесі жаңсақ шыққан жайттар жиі болған.

Ибраимовтың айтуынша, Жәнібектің спорттағы жолын аяқтауға асықпау керек. Ол «В» үлгісінің қорытындысын күту маңызды екенін жеткізді.

«Бұған дейін де бірінші сынамадан күмәнді заттар табылып, бірақ кейінгі тестілер спортшыны ақтап шыққан жағдайлар кездескен. Сондықтан сабырлық танытып, екінші анализдің нәтижесін күткеніміз дұрыс», – деді ол.

Еске салсақ, 6 желтоқсан күні Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лара арасындағы жекпе-жекте үш чемпиондық белбеу сарапқа салынуы тиіс болатын. Алайда, VADA зертханасы қазақстандық спортшының ағзасынан тыйым салынған мельдоний заты табылғанын мәлімдеді.

Тэгтер:

бокс Ермахан Ибраимов