Ерлан Қошанов: Ауыл әкімдері көтерген мәселелер Парламент бақылауында болады

Бүгін, 17:56 / Алуа Арман

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жалпы отырыста өңір азаматтарының өтініштерін қарау қорытындысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Бүгін шынында көп сұрақ қойылды, көп ұсыныс айтылды. Егжей-тегжейлі талқыланды. Десе де Үкімет тарапынан берілген біраз жауап мардымсыз болғанын атап айту керек. Нақты сұрақтарға көбіне сырғытпа, жалпылама жауап берілді. Нақты істерді көрсете алмады. Ол туралы жаңа Фракция жетекшілері өз сөздерінде сынға алды.

Қанат Алдабергенұлы, бұл сұрақтың бәрін біз өңірлерге барып келгеннен кейін, күзде Премьер-министрдің атына жолдаған болатынбыз. Өңірлердегі тұрғындардың мыңдаған талап-тілегі мен сұрағына, өкінішке қарай мардымды жауап алған жоқпыз.

Бүгін осы мәселелердің орындалу барысын қарап жатырмыз. Келесі жылдың басында тағы да кездесу болады, ол кезде нақты нәтижелер күтеміз», – деді Мәжіліс төрағасы.

Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының Ауыл әкімдерінің диалог-платформасында көтерген мәселелерінің орындалу барысы Мәжіліс депутаттарының тұрақты бақылауында болатынын да атап өтті.

«Шынында өңірлерде мәселе көп. Оны күні кеше өткен Ауыл әкімдерінің диалог-платформасында көрдік. Оған өздеріңіз де қатыстыңыздар. Қаншама мәселе көтерілді. Түстен кейінгі 6 секцияның өзінде тағы да 100-ден астам мәселе ортаға салынды.

Мемлекет басшысы сол жерде осы мәселелердің көбінің жүйелі шешімін ұсынды, нақты тапсырмалар берді. Олар қалай орындалады, қалай аяғына дейін жеткізіледі? Бұл Мәжіліс депутаттарының тұрақты бақылауында болады.

Көріп отырғанымыздай, әкімдер көтерген мәселелер мен өңірлерден жиналған талап-тілектер бір-бірімен байланысып жатыр. Олардың бәрін біз жақсы білеміз. Оны шешу бойынша күнделікті айналысуымыз керек. Келесі жылы осындай жиынымызда бұл мәселеге қайтып ораламыз», – деді ол.

Тэгтер:

Ерлан Қошанов Мәжіліс төрағасы