Қайтарылған активтер: Түркістан облысында 300 бала білім алатын музыкалық мектеп ашылды

Бүгін, 17:05 / Інжу Әлихан
Бас прокуратура

Бүгін Ордабасы ауданында 300 оқушыға арналған музыка өнері мектебінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мектеп мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынды және Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында жүзеге асырылған алғашқы әлеуметтік жобалардың бірі болып табылады.

Ашылуға Бас Прокурордың орынбасары Ғабит Садырбеков, Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен қоғам өкілдері қатысты.

Заманауи талаптарға сай салынған жаңа білім беру мектебі балаларға сапалы музыкалық білім алуға мүмкіндік береді, дарынды балаларды халықаралық конкурстарға даярлауға жағдай жасайды, сондай-ақ өңірдің мәдени әлеуетін нығайтады.

Мектепте домбыра, қобыз, фортепиано және басқа да музыкалық аспаптарды үйретуге арналған заманауи, арнайы жабдықталған кабинеттер қарастырылған.

«Біз көктемде құрылысты бастап, уақыт капсуласын салдық, ал бүгін, небәрі сегіз айдан кейін, құрылыс жұмыстарының қаншалықты жылдам және сапалы аяқталғанына куә болып отырмыз», – деп атап өтті Бас Прокурордың орынбасары Ғабит Садырбеков.

Қазір қайтарылған активтер есебінен Үкіметпен еліміздің түрлі өңірлерінде 434 әлеуметтік нысан іске асырылуда, олардың 30-ы Түркістан облысында орналасқан.

Бұл жобалар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және халықтың өмір сапасын жақсартуға елеулі үлес қосады.