Ақшұқыр мектеп-лицейінің география пәні мұғалімі Диана Шакирова мектепішілік буллингтің алдын алуға арналған «DOSTIME» ойынын шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«DOSTIME» жобасының мақсаты – оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, өзара қарым-қатынасын жақсарту, эмоциясын басқаруға үйрету және буллингтің алдын алу. Жобаның жаңашылдығы – ойындық және цифрлық құралдардың үйлесуі. Бұл балалардың достық дағдыларын күшейтіп, сыныпта қауіпсіз, сенімді атмосфера қалыптастырады.
«DOSTIME» ойынының сынып жетекшісі ретінде жүргізген инновациялық-педагогикалық жұмысымның нәтижесінде жасалды. Жоба екі негізгі құралдан тұрады. «DOSTIME» үстел ойыны – балалардың эмоционалды интеллектін, тыңдау, түсіну, бірге шешім қабылдау дағдыларын дамытатын әлеуметтік-эмоциялық құрал. Сұрақ, әрекет және бонус карталары арқылы оқушылар өз сезімін дұрыс жеткізіп, эмпатия қалыптастырады. Ойын түрлі форматта ойналып, тренингте, сынып сағатында, ашық сабақта қолдануға ыңғайлы. Анонимді Telegram-бот – балаларға кез келген уақытта өз ойын, сезімін жасырын түрде бөлісуге мүмкіндік беретін цифрлық қолдау құралы. Бұл оқушының эмоционалды күйін бақылауға, психологиялық жүктемені жеңілдетуге көмектеседі. «DOSTIME» ойыны арқылы сыныбымыз бір-біріне қолдау көрсететін, ашық, белсенді ұжымға айналды, - деді Диана Шакирова.