Министрлер халықтың мәселелеріне жүрдім-бардым қарайды – Елнұр Бейсенбаев

Бүгін, 13:30 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Мәжілістің жалпы отырысында «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев өңірлердегі өзекті мәселелерді Үкіметке өткір сынмен жеткізді. Оның айтуынша, депутаттар жаз айларында еліміздің 543 елді мекенінде мыңнан астам кездесу өткізіп, халықтың жағдайын көзбен көріп қайтқан, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алайда көтерілген мәселелер бойынша Үкіметтің жауап беру деңгейі көңіл көншітпейді: жауаптардың 46 пайызы – тек түсіндірме, 20 пайызы – «орындау сатысында», 13 пайызы – мүлде шешілмеген, 5 пайызы – жауапсыз қалған.

«Бұл статистика сұрақтардың басым бөлігі нақты жауабын таппағанын көрсетеді. Ал әр бесінші өтініш бюрократияның астында қалған», – деді Бейсенбаев.

Фракция басшысы инфляция қысымы мен ауылдағы табыс теңсіздігіне ерекше назар аударды. Оның мәліметінше, ауыл тұрғындарының табысы қала халқынан екі есе төмен, ал ең төменгі жалақы алатын бір миллионнан астам азаматтың басым бөлігі ауылда тұрады. Азық-түлік бағасының өсуі халықтың тең жарты табысын тек тамаққа жұмсауға мәжбүрлеп отыр.

Саяси жаңғырту мәселесі де күн тәртібінде. Ауыл әкімдерінің өкілеттігін кеңейту туралы Президенттің тапсырмасы бар, алайда ол әлі толық іске аспаған.

«Бұл – жылдар бойы ауылдан айтылып келе жатқан аманат. Жергілікті басқару жүйесі мықты болмай, ауыл дамымайды», – деді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ фракция басшысы жылдар бойына аяқталмаған инфрақұрылым жобаларын «миллиондар құмға сіңіп жатыр» деп сипаттады. Су, электр, газ және кәріз жүйелерінің тозу деңгейі кей жерлерде 90 пайызға жеткен.

Сонымен қатар, жүк теміржол тасымалындағы дағдарыс, рөл оң жақта орналасқан қоғамдық көліктердің қатысуымен жол апаттарының көбеюі де ерекше атап өтілді. Бейсенбаев мұндай көліктерді кез келген жолаушы тасымалдау қызметінен толықтай шектеуді ұсынды.

Үкімет пен қоғам арасындағы коммуникация мәселесі де өткір сынға алынды. Министрлердің сәтсіз мәлімдемелері, азаматтардың шағымдарына немқұрайлы қарау, Парламенттің ескертулерін елемеу халық сенімін азайтып жатыр. Бейсенбаевтың айтуынша, депутаттардың 117 сауалының 60 пайызға жуығына формалды жауап берілген.

«Еститін Үкімет тек тыңдайтын емес, нақты және уақытылы шешім қабылдай алатын институт. Формализмнен бас тартпай, халықтың сенімін күшейту мүмкін емес», – деп түйіндеді фракция жетекшісі.

Тэгтер:

депутаттар Елнұр Бейсенбаев министрлер