Жаңа Зеландия тұрғыны Пейдж Суистед бас миы ісігінің терминалдық сатысын жеңіп шықты. Daily Mail басылымы дәрігерлер бұл жағдайды «нағыз ғажайып» деп бағалағанын жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Пейдж өткен жылдың көктемінде оң қолының саусақтары жансыздана бастаған соң дәрігерге қаралған. Тексеру нәтижесінде оған төртінші сатылы агрессивті астроцитома диагнозы қойылды. Әдетте мұндай қатерлі ісік түрі көбіне балаларда кездеседі.
Дәрігерлер Пейджге өмірінде небәрі 18 ай қалғанын айтқан.
«Мұндайды есту өте қиын болды. Менің кіші інім мен қарындасым бар, олардың өскенін көргім келді», – дейді ол. Дәрігерлер ісікті анықтаған кезде, ол гольф добындай үлкейіп үлгерген.
Суистед 13 ай бойы ауыр ем қабылдады: химия және сәулелік терапия салдарынан денесі көгеріп, жүруі қиындаған, кей кездері сөйлей алмай қалғанын еске алады. Осы қиын кезеңде қасында әрдайым анасы болған.
Емнен кейінгі тексерісте дәрігерлер көздеріне сенбеді: ісік жоқ. Алайда мамандар Пейджді толық сауығып кетті деп айтуға асықпай отыр. Өйткені микроскопиялық қатерлі жасушалар сканерлеуде байқалмауы мүмкін.