Жастарға қағаз ақшаның құны жоқ – Business Insider

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Жас буын қолма-қол ақшаны "бар сияқты, бірақ жоқ ақша" деп қабылдай бастады. Business Insider жазғандай, олардың түсінігінде қағаз ақша – шығын. Ал қалтада әмиян емес, тек телефон болуы – беделдің белгісі, деп хабарлайды turkystan.kz.

Juniper Research деректеріне сүйенсек, бүгінде әлем бойынша 4,4 млрд адам цифрлық әмияндарды қолданады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш тағы 35 пайызға өседі деген болжам бар. АҚШ Федералдық резервінің 2025 жылғы есебі: 24 жасқа дейінгі жастар сатып алулардың 45 пайызын телефон арқылы жасайды. Жалпы жастағы халық бойынша бұл көрсеткіш – 23 пайыз.

Ал барлық төлемнің тек 14 пайызы қолма-қол ақшамен жүреді. Көбіне жасы 55-тен асқандар және табысы төмен отбасылар ғана қолма-қолмен есеп айырысады.

McKinsey (2024) сауалнамасы: АҚШ пен Еуропадағы цифрлық әмиян қолданатын әр бесінші адам көшеге әмиянсыз шығуды әдетке айналдырған. Ұлыбританияда 18-24 жас аралығындағылардың тек 38 пайызы ғана әмиянды күнделікті қажет зат деп санайды.

АҚШ-та тиын шығарудан бас тарту, құжаттардың цифрлық нұсқасын әуежайда қабылдау да – "әмиянсыз өмірге" көшудің көрінісі. Тіпті смарт-сағат пен сақинаны әмиян және кілт ретінде қолдану технологиясы дамып келеді.

Дегенмен, мамандардың пікірінше, цифрлық әмиян қанша дамыса да, қолма-қол ақшаны толық ығыстыра алмайды. Өйткені кей төлемдер мен белгілі жағдайларда банкнота әлі де қажет.

Тэгтер:

жастар қағаз ақша қолма-қол