137 футболка киіп марафон жүгірген адам Гиннес рекордын жаңартты

Бүгін, 21:36 / Өтей Торғайұлы

АҚШ-та ер адам үстіне 137 футболканы қатар киіп алып, жартылай марафон жүгіріп, Гиннес рекордын орнатты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бірнеше Гиннес рекордының иесі Дэвид Раш тағы да тарихқа енді. Айдахо штатында ұйымдастырылған жартылай марафонда ол салмағы шамамен 22 килограмм болатын 137 футболка киіп, қашықтықты жүгіріп өтті.

Бұл жетістік Раш үшін бұрынғы титулдарын қайтарған сәт болды. Ол алғаш рет рекордты 2019 жылы 111 футболка киіп орнатқан еді, бірақ кейін басқа спортшы 127 футболка киіп оны басып озды. Өткен жылы реванш алмақ болған әрекеті сәтсіз аяқталды: 114-ші футболкада қан айналымы нашарлап, қашықтықты жалғастыра алмаған.

Бір жыл бойы ауыр жаттығулар жасалды. Жылы киіммен жүгіру, салмақ салынған рюкзакпен жаттығу — соның бәрі нәтижесін берді. Биыл Дэвид тек шыдап қана қоймай, жеке рекордпен мәреге жетті.

«Көп жылғы еңбектен кейін және бір сәтсіз әрекеттен соң ақыры өз титулымды қайтарып алдым. Бұл – табандылық, шығармашылық және шыдамдылықтың бірігуі болды», – деді ол өз әсерімен бөлісіп.

Тэгтер:

марафон футболка