Белгілі күйші, композитор Нұрымбай Сүлейменұлы дүние салды, деп хабарлайды turkystan.kz Alash.kz ұлттық порталына сілтеме жасап.
Әйгілі күйші, композитор Нұрымбай Сүлейменұлы 2025 жылдың 2 желтоқсанында Қытайдың Шыңжаң аймағындағы Текес өңірінде қайтыс болды. Бұл туралы жергілікті ақын Думан Бәзілжанұлы хабарлады.
Нұрымбай Сүлейменұлы 1956 жылы қарашада Қытайдың Іле аймағындағы Текес ауданына қарасты Қарадала ауылында дүниеге келген. Өнерге жақын әулетте өскен ол әкесінің сыбызғыда тартқан күйлерін бала күнінен домбыраға көшіріп, күйшілік жолға ерте түсті. Әкесі Сүлеймен – медресе бітірген, сыбызғыда күй тартқан өнерпаз; анасы Жамалқан – өлең мен әнге жақын жан болған.
Жас күйшінің қалыптасуына сол дәуірдің танымал өнер иелері – Мұқаметжан, Жабықай, Шамғұын секілді тұлғалардың ықпалы зор болды. Жасөспірім шағында-ақ халық күйлерін нақышына келтіре орындап, елдің ықыласына бөленді. 1972 жылы әкесінің «Мәдениет зор төңкерісінің» кесірінен дүниеден өтуі жас Нұрымбайға ауыр соққы болып тиіп, кейін бұл қасірет оның ең танымал шығармаларының бірі – мұңлы «Қайран әке» күйіне арқау болды.
Күйші өмірінде 60-тан астам күй, сондай-ақ «Қаражоным», «Гүл үздім саған арнап», «Ілем менің» сынды жиырмаға жуық ән жазды. Оның репертуарында «Қарт толғауы», «Дала сыры», «Ыстық ұя», «Атамекен», «Қос ағама», «Таңжарыққа арнау», «Шашау», «Текес толқыны», «Бейжіңгер» секілді кең тараған шығармалар бар.
Музыкант Құрманжан Зікірияұлы Нұрымбай Сүлейменұлын шертпе күй дәстүрінің көрнекті өкілі ретінде бағалайды. Оның айтуынша, күйшінің шығармалары формалық жағынан да, мазмұндық тұрғыдан да өте ауқымды, терең толғамды және табиғат пен қоғам құбылыстарын домбыраның қос ішегі арқылы әсерлі бейнелейді.
2006 жылы Нұрымбай Сүлейменұлы Шыңжаң Халық үкіметінің «Халық композиторы» атағын алды. 2004 жылы орталық «Ұлттар» баспасынан оның «Қайран әке» ән-күй жинағы жарық көрді.