Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидалары оңтайландырылмақ

Бүгін, 20:53 / Дана Ізтілеуова
gov.kz

ҚР Қаржы министрлігі қағаз жүзіндегі бюрократияны азайтып, тиісті процестерді цифрландыру бойынша жұмысты жүргізіп келеді. Айталық, ведомство «бұлтты» бухгалтерия арқылы аудитті қашықтан іске асыруды жолға қойды.

Қазақстандағы мемлекеттік ұйымдар күн сайын барлық бухгалтерлік мәліметті БО БДҚ (бухгалтерлік операциялардың біртұтас деректер қоймасы) бірыңғай орталықтандырылған жүйесіне жіберіп отыратынын айта кетейік. Бұл еліміздің өңірлерінен жинақталатын қаржы ақпаратының біртұтас қауіпсіз қоймасы. Осы тәсіл мәліметтердің қауіпсіздігін күшейтіп, есептерді жылдам әзірлеп, талдау жасауға мүмкіндік береді.

Осы арқылы мемлекеттік органдар «бұлтты» бухгалтерияны пайдалана отырып, қаржы есебінің аудитін қашықтан жүргізу тәсіліне көшті. Демек, аудиторлар енді уақыт кетірмей қаржылық операцияларды нақты уақыт режімінде жүргізе алады. Аталған тетік қағазбастылықты айтарлықтай азайтып, мемлекеттік органдардың жұмысын жеңілдетуге септігін тигізеді.

Осы жобаның шеңберінде бастапқы құжаттарды тікелей электронды есепке алу жүйелерінде бекіту функциясы енгізіліп, бұл автоматтандыру мен бюджет процестерін бақылауды жақсартады.

Озық технологияларды енгізу бухгалтерлік жазбаларға қатысты күмәнді әрекеттердің алдын алуға, еліміздің шоғырландырылған қаржы есебін қалыптастырып, республикалық бюджеттің жиынтық қаржы есебінің нақтылығын арттыруға көмектеседі.

Қазір қашықтан тексеру әдісі қанатқақты режімде 10 орталық мемлекеттік органда жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмыс аяқталған соң мониторинг нәтижелерінің негізінде қаржылық есептіліктің дәйектілігін бағалай отырып, аудиторлық қорытынды ұсынылатын болады.

Тэгтер:

Мемлекеттік мекемелер Бухгалтерлік есеп